Тәжікстан Қазақстан астығын алуды арттыруға ниетті

    1 / 8

    ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Құрбон Хакимзодамен кездесіп, біздің елімізден алатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту, өңделген өнімдер жеткізілімін арттыру және агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін кеңінен талқылады.

    Жүздесу Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.

    Тәжікстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әрі болашағы зор сауда серіктестерінің бірі.

    Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 11 пайызға өсіп, 600 млн АҚШ долларына жетті. Бұл екіжақты тауар айналымының жартысына жуығы деуге болады.

    Одан әрі тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің толық өндірістік тізбегін қалыптастыру мүмкіндіктерін қарастырды.

    Келіссөздер барысында Қазақстан астығын Тәжікстанға жеткізу көлемін арттыруға айрықша көңіл бөлінді.

    Атап айтқанда, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акцинерлік қоғамы мен Тәжікстанның Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі арасында 100 мың тонна бидай жеткізу жөнінде жасалған келісімшарт аясындағы әріптестік туралы әңгіме қозғалды.
    Кездесу иелері Тәжікстан нарығының сұранысы мен қажеттілігін ескере отырып, бидай жеткізу көлемін арттыруды ынталандыруға келісті.

    Бұл Қазақстан үшін экспорт көлемін ұлғайтумен қатар, отандық диқандардың өнімін өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, астыққа деген тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге және қазақстандық өнімнің Орталық Азия нарығындағы орнын нығайтуға жол ашады.

    Кездесуде экспорт бағыттарын әртараптандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тараптар бір-біріне өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері мен дайын азық-түлік тауарларын жеткізуді күшейтуге ынталы екенін білдірді. Басты мақсат – сауда-саттықта шикізатқа басымдық беруден біртіндеп арылып, қосылған құны жоғары дайын өнімдердің үлесін арттыру. Бұл отандық өңдеу кәсіпорындарының өндірісін кеңейтіп, ел ішіндегі агроөнеркәсіп саласының дамуына тың серпін бермек.

    Екі ел арасындағы байланысты жүйелі түрде дамыту үшін 2027–2028 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру көзделіп отыр. Құжатта ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, өсімдік шаруашылығын, тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту, мал өнімділігін арттыру, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарындағы бірлескен жұмыстар қамтылмақ.
    Келіссөздерді іс жүзінде жалғастыру мақсатында Тәжікстан делегациясы отандық агроөнеркәсіп кешеніндегі озық кәсіпорындарының бірі – «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын егін және мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді бір арнаға тоғыстырып, өндірістік қызметімен қатар ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын да дамытуға үлес қосып отырған шаруашылықтардың бірі.

    Меймандарға кәсіпорынның егін егуден бастап, мал азығын дайындау, мал өсіру, сүт өндіру және оны өңдеуге дейінгі толық өндірістік жүйесі таныстырылды. Шаруашылықтың мұндай кешенді жұмыс үлгісі өнім сапасын әр кезеңде бақылауға, қолда бар ресурсты тиімді пайдалануға және өндіріс шығынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

    Әсіресе, Орталық Азиядағы ең ірі шведтік DeLaval компаниясының роботтандырылған сауу каруселімен жабдықталған тауарлық-сүт фермасы делегациясының ерекше қызығушылығын тудырды. Өткен жылғы қаңтарда іске қосылған бұл кешен Қазақстандағы сүтті мал шаруашылығына озық технологияларды енгізудің жарқын үлгісіне айналды.

    Заманауи сауу қондырғысы бір мезгілде 80 сиырға қызмет көрсетуге арналған. Бес сағат ішінде 2 мыңға дейін сиырды саууға мүмкіндік береді. Өндіріс үдерісінің жоғары деңгейде автоматтандырылуы еңбек өнімділігін арттырып, жұмыс күшін тиімді пайдалануға жағдай жасаған. Кешеннің бір ауысымдағы жұмысын небәрі 12 маман қамтамасыз етеді.

    Мұндай озық технологияларды енгізу мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, тауарлы сүт өндіру көлемін арттыруға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Сапар барысында кәсіпорынның әлеуметтік бағыттағы жұмысына да назар аударылды. Құрбон Хакимзода агрофирма қызметкерлері мен ауыл тұрғындары үшін салынған әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

    «Родина» агрофирмасының жұмысымен танысу Тәжікстан делегациясына Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктерін көзбен көріп, озық өндірістік тәжірибесін бағалауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу және екі ел арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту тұрғысынан да маңызды болды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары