Болат Ақшолақов Индер ауданының тұрғындарымен кездесті

    1 / 14

    Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың Индер халқымен кездесуінде инфрақұрылымды дамыту, баспанамен қамтамасыз ету, коммуналдық мәселелерді шешу және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жайы талқыланды.

    Өңір басшысы алдымен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, ауданды дамытудың басым бағыттары мен әлі де назар аударуды талап ететін мәселелерге тоқталды.

    Білім беру инфраструктурасын дамыту басым бағыттар санатында қала береді. Индербор кентінде 200 орындық жатақханасы бар 300 орындық мектеп бой көтеруде, нысан құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс. Есбол ауылында салынып жатқан 320 орындық мектепті жыл аяғына дейін тапсыру көзделген.

    Спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Көктоғай және Бөдене ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Елтайда бой көтерген спорт кешенін 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Индерборда шағын футболға арналған алаң мен күрес залы салынуда. Тағы бір спорт нысаны Жарсуат ауылындағы мектеп аумағында тұрғызылып жатыр, ондағы жұмыстарды жыл аяғына дейін тәмамдау жоспарланған.

    Жол жұмыстары аудан орталығында да, ауылдық елді мекендерде де жүріп жатыр. Индерборда Болашақ және Шығыс шағынаудандарында ұзындығы 12 және 5 шақырымдық автомобиль және жаяу жүргіншілер жолдары салыну үстінде. Бұған қоса, ауыл ішіндегі жолдардың реконструкциясы да бар. Құрылыста 1,6 км, Жарсуатта 3 км, Бөденеде 3,7 км жол салынып жатыр. Бұл жобалар 2027 жылы аяқталуы тиіс.

    Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де ұдайы назарда. 2022 жылдан бері апатты үйлерден 151 адам көшірілді. Биыл Жарсуат және Бөдене ауылдарында 39 отбасы жаңа баспана иеленді. Жыл аяғына дейін Индербор кентінің М.Жұмабаев көшесіндегі үш көпқабатты үйдің, НПС учаскесіндегі апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарлануда.

    Биыл көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар санатындағыларға 23 пәтер қарастырылған. Олардың 10-ы Елтайда, 6 пәтер Жарсуатта және 7-еуі Бөденеде. Бүгінде жеті пәтер пайдалануға берілді. Бұған қоса, жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға 283 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіліп, дайын тұр. Жыл аяғына дейін тағы 903 жер телімі беріледі деп жоспарланып отыр.

    Индербордағы халық санының өсімін және тұрғын үйге деген сұранысты ескере отырып, 11 учаскеде бес қабатты 80 пәтерлік үйлердің құрылысын аяқтау мәселесі қарастырылу үстінде. Оның есеп-қисабын облыстық бюджет комиссиясы қарастырып жатыр.

    Ауданда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда. Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысының өнімділігі тәулігіне 300-ден 1 200 текше метрге арттырылды. Индербордағы Тұхфатов көшесіндегі орталық су құбырының 2 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Болашақ шағынауданында 16 км жазғы су құбыры тартылды. Бұдан бөлек, 11 көше орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылды. НПС учаскесіндегі 703 метр газ құбырына күрделі жөндеу жүргізілді, ал Елтай ауылында газбен қамту жүйесінің құрылысы аяқталды.

    Ауданда кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бойынша жалпы сомасы 588 млн теңгелік сегіз жобаны іске асыру көзделген. Соның алтауы орындалып, нәтижесінде 19 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар қытайлық инвесторлармен мергель мен калий тұздарын өндіру және өңдеу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде.

    Суармалы инфрақұрылымды қалыпқа келтіру маңызды бағыт болып қала бермек. Бағырлай арнасының реконструкциясы жалғасып жатыр.Бұл жоба суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, су шығынын азайтуға және ауыл шаруашылығын дамыта түсуге мүмкіндік береді.

    Биыл ауданға 10 дәрігер тартылып, оларды әлеуметтік қолдауға 64,5 млн теңге бөлінді. Медицина мамандарын тарту жұмыстары бейінді жоғары оқу орындарымен бірлесе жүріп жатыр.

    Ауданда қосымша шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар түйткілді мәселе бар. Индербордағы Ш. Уәлиханов көшесіндегі реабилитация орталығын жөндеу жобасының мердігері келісімшарт міндеттемелерін орындамай, бүгінде соған қатысты сот процесі жүріп жатыр. М. Әуезов атындағы және «Көктем» мектептері жанынан спорт алаңдарының салу бойынша жасалған келісімшарттар бұзылды. Жұмыстарды аяқтау үшін тиісті есептеулер жүргізілуде. Көктоғай ауылындағы Б. Нысанбаев атындағы мектепке 120 орындық жапсаржай салу бойынша да осындай жағдай. Келісімшарт бұзылып, жаңа құрылыс ұйымы анықталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

    «Атырау – Индер» автожолының 117–167 км учаскесін орташа жөндеу жұмыстары да тоқтады. Оған себеп — «Теміржол құрылыс-Атырау» мердігер ұйымының келісімшарт міндеттемелерін орындамауы.

    Көктоғай ауылында электр энергиясы әлі де болса тапшы. Мәселені шешу үшін Өрлік ауылынан қосымша қосалқы станция салу және Көктоғайға дейін электр желісін тарту жобасы әзірлену үстінде.

    Тағы бір өзекті мәселе — Индербордағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жабдықтау. Оның толыққанды жұмыс істеуі үшін электр, газ және су құбыры желілерін тарту жобасы дайындалды. Бүгінде құжаттаманы сараптамаға жіберу үшін қаражат бөлу мәселесі қаралып жатыр. Қолданыстағы полигонды Индер – Қарабау автожолының сол жағына, кенттен жеті шақырымдай қашықтықтағы 15 гектарлық жерге көшіру мүмкіндігі де қарастырылуда.

    Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді саралай келе, Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаевқа және салалық басқарма басшыларына оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Облыс әкімі белгіленген міндеттердің орындалысы қатаң бақылауда болуын және қабылданған шешімдердің уақытында орындалуын қамтамасыз ету керегін айтты.

    Жиын әрі қарай ашық диалог форматында өтіп, тұрғындарға өздерін толғандырған сұрақтарды өңір басшысына тікелей қоюға мүмкіндік туды. Кездесуге келген халық алға тартқан мәселелер сапында стадион құрылысы, ауданның туристік әлеуетін және ауыл шаруашылығын дамыту, экология, жастарға арналған жеке ғимараттың жоқтығы және құрылыс жұмыстарының сапасы бар.

    Болат Ақшолақов сауалдарға жауап беріп, аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына қолданыстағы заңнама шеңберінде шаралар қабылдауды тапсырды.

    Бұдан кейін облыс әкімі азаматтарды жекелей қабылдады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары