Атырау облысында Президент Жолдауы талқыланды

    1 / 9

    Атырау облысында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері тұрғындармен бірқатар кездесу өткізді.


    Делегация құрамында Құрылтай депутаттары Арман Хайруллин мен Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетов, сондай-ақ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айгерім Бекқалиева болды.

    Жұмыс сапары аясында делегация Х.Досмұхамедов атындағы университеттің оқытушылары мен студенттерімен, Абай атындағы оқушылар орталығында мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қатар «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғимаратында жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдерімен жүздесті.

    Кездесулер Исатай және Махамбет аудандарында да жалғасты. Делегация аудан тұрғындарымен, «Айдана Агро» ЖШС және «ЖайықМұнайГаз» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті сауалдарына жауап берді. Кездесуде исатайлық тұрғын Жанаргүл Қапажанова Президент жолдауындағы жасанды интеллект, цифрлық даму, құрылыс, жол мәселелері, ерекше балаларға қамқорлық туралы айтылған басымдыққа ерекше тоқталып, ризашылығын білдірді.


    Кездесуде көтерілген мәселелер мен түсіндіру жұмыстары жөнінде Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, биылғы Жолдауда ел дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілген. Басты мақсат – әділетті, күшті, таза әрі озық Қазақстан құру.


    Сондай-ақ Дүйсенғали Төленов атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Ерғалиева мұғалімнің мәртебесі мен құқығын қорғау – білім саласындағы маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Мұғалім тек білім беруші емес, жас ұрпақтың болашағын қалыптастыратын тұлға екенін, ұстаздарға қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау сапалы білім берудің негізгі кепілі болып саналатынын жеткізді.
    Жиындарда Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттар түсіндіріліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек адамының қоғамдағы рөлі, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, ауыл шаруашылығын қолдау, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары