Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесулері Атырау облысында басталды. Осы мақсатта құрылған топ мүшелері өңірдегі түрлі мекеме мен ұйымдардың ұжымдарымен жүздесіп, Жолдауда белгіленген басым бағыттарды талқылауда.
Бүгін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өтуде.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Арман Хайруллин мен Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев және Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қатысуда.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының стратегиялық бағыттары, экономиканы жаңғырту, энергетика саласын дамыту, еңбек нарығын жетілдіру, әлеуметтік саясат, экологиялық мәселелер мен адами капиталды нығайту бағытындағы міндеттер сөз болуда.
Әсіресе, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері үшін білім мен ғылымның ел дамуындағы орны, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, заманауи технологияларды меңгеру және еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделу мәселелері талқылануда. Осы орайда спикерлер Жолдауда белгіленген міндеттердің салалар бойынша жүзеге асу бағыттарына тоқталып, өзекті мәселелерге қатысты түсінік беруде.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдіруде.
Ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді қоғамға кеңінен түсіндіру, түрлі сала өкілдерімен пікір алмасу және ел дамуына қатысты бастамаларды ортақ талқылау.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








