Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Адал азамат» республикалық театр өнері фестивалі өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген 15 театр ұжымы қатысып, өз қойылымдарын ұсынып, актерлік шеберліктерін көрсетті.
Фестиваль аясында облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, мәдениет саласының өкілдері, қазылар алқасының мүшелері, педагогтер мен жас өнерпаздардың қатысуымен салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Мерекелік бағдарлама Шығармашылық академиясының би ұжымының өнер көрсетуімен басталды. Одан кейін фестиваль қатысушыларын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Қазылар алқасы «Драма театры» номинациясы бойынша үш жас санатында: аралас, орта (10–14 жас) және жоғары (15–18 жас) топтар арасында жеңімпаздарды анықтады.
Фестивальдің бас жүлдесін иеленгендер:
Аралас жас санаты бойынша – Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайының Мұқағали Мақатаев атындағы «Жас актер» театр ұжымы.Орта жас санаты бойынша – Ақмола облысы, Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сахна» театр ұжымы.Жоғары жас санаты бойынша – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы №3 орта мектептің «Шамшырақ» театр ұжымы.
Сонымен қатар фестиваль қатысушылары I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Марапаттар шығармашылық шеберлігі, сахналық көркемдігі мен қойылымдардың ерекшелігі үшін табысталды.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Композиторлар одағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Аманжол Дүйсенұлы, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллин және осы театрдың актрисасы Фатима Бердібекова болды.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтарына Талдықорған қаласынан келген «Жас актер» театр ұжымының өнері ерекше тарту болды. Салтанатты рәсім Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі оқушыларының музыкалық қойылымымен аяқталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









