Еңбек адамы. Иван Сауэр: Тағдырым туған жеріммен біте қайнасқан

    Әрбір істің артында адамдардың тағдыры, тарихы, туған жері мен келешек алдындағы жауапкершілігі тұрады. Аса ауқымды саланың бірі ауыл шаруашылығы.

    Бұл салада бір маусымның аясында ғана жұмыс істеу мүмкін емес. Өйткені бүгін қабылданған шешімдер кәсіпорынның да, ауылдың да алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайды.

    Осындай ұстаным Ақмола облысының ауыл шаруашылығымен қырық жылдан астам уақыт бойы тағдырын тоғыстырған, білікті басшы Иван Адамұлы Сауэрдің өмірлік және кәсіби жолының негізіне айналды.

    Иван Адамұлы 1958 жылғы 11 маусымда Целиноград ауданының Малиновка ауылында дүниеге келген. Бүгінде оның есімі Родина ауылымен тығыз байланысты.

    Іскерлігінің арқасында шаруашылық күрделі өзгерістер кезеңдерінен өтіп, өңірдегі танымал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне айналды.

    Еңбек жолын трактор-егіншілік бригадасы бригадирінен бастаған Иван Сауэр ірі шаруашылықтың басшысына дейінгі жолдан өтті. Оның кәсіби ұстанымының негізінде қарапайым да терең қағида жатыр: ауыл шаруашылығы тек өнім өндірумен шектелмеуі керек, ол адамдардың лайықты өмір сүруіне де жағдай жасауы тиіс.

    Механизатордан – шаруашылық басшысына дейін

    Иван Сауэрдің мамандық таңдауы әуел бастан ауыл шаруашылығымен байланысты болды. 1980 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алды.

    Еңбек жолының алғашқы жылдары тікелей өндіріс саласында өтті. 1980–1985 жылдары Целиноград ауданының «Красный флаг» кеңшарында трактор-егіншілік бригадасының бригадирі болып жұмыс істеді.

    Бұл кезең оның нағыз ауыл шаруашылығы мектебінен өткен шағы еді. Дала жұмысы кәсіби біліммен қатар, адамдарды ұйымдастыра білуді, техниканың жұмысын үйлестіруді, агротехникалық мерзімдерді сақтауды және ауа райы мен жер жағдайына тәуелді күрделі сәттерде дұрыс шешім қабылдауды талап етті.

    1985 жылы Иван Адамұлы «Красный флаг» кеңшарының бас инженері болып тағайындалды. Осы қызметте жинақтаған тәжірибесі оған өндіріс үдерісін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Енді ол шаруашылықты тек маман көзімен ғана емес, бүкіл өндірістің жұмысына жауап беретін басшы ретінде де тани бастады.

    Ал 1987 жылы оның кәсіби өмірбаянында жаңа кезең басталды. Иван Сауэр «Родина» кеңшарының директоры болып тағайындалды.

    Сол уақыттан бастап оның тағдыры мен шаруашылықтың тарихы бір арнаға тоғысты.

    Кәсіпорын тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі – 1994 жыл. Сол жылы пилоттық жоба аясында «Родина» кеңшары жекешелендіріліп, Қазақстандағы алғашқы жеке шаруашылыққа айналды.

    Бұл кезең еліміздің ауыл шаруашылығы үшін ауқымды экономикалық өзгерістер уақыты болатын.

    Шаруашылық жүргізу жүйесі өзгеріп, кәсіпорындар жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды. Осындай күрделі кезеңде өндірісін де, еңбек ұжымын да сақтап қала алған кәсіпорындар аз еді.

    Иван Адамұлының алдында жаңа меншік нысанын қабылдау ғана емес, шаруашылықты, өндірісті және ең бастысы, өмірін осы кәсіпорынмен байланыстырған адамдарды сақтап қалу міндеті тұрды.

    Дәл осы кезеңде оның басшы ретіндегі басты қасиеттері айқын көрінді. Ол жауапкершілікті өз мойнына ала білді, болашаққа бағдар жасады, сонымен қатар еңбек ұжымының мүддесін әрдайым назарда ұстады.

    1987 жылдан бері Иван Сауэр шаруашылықты үздіксіз басқарып келеді. Алғашында «Родина» кеңшарының директоры болса, кейін «Агрофирма «Родина» серіктестігінің бас директоры қызметін атқарды.

    Бұл – талай ұрпақ өсіп-өнген жер. Көптеген отбасы өз өмірін байланыстырған еңбек ұжымы. Бұл – мектеп, әлеуметтік орта және ауылдың болашағы алдындағы жауапкершілік.

    Кез келген ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басты байлығы – адам. Иван Адамұлы еңбек жолының өн бойында осы қағиданы берік ұстанып келеді.

    Өндірісті сақтау үшін еңбек ұжымын сақтау қажет. Ал ұжымды сақтау дегеніміз – адамдарға тек жұмыс істеуге ғана емес, лайықты өмір сүруге де жағдай жасау.

    Сондықтан шаруашылықтың дамуы әрдайым әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасып келеді. Ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, білім беру саласына, рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлу, әлеуметтік ортаны дамыту – Иван Сауэр қызметінің маңызды бағыттарының біріне айналды.

    2001 жылғы наурызда жарық көрген «Родина – жақсы жұмыс істеу, лайықты өмір сүру» атты кітаптың дүниеге келуі де тегін емес. Кітаптың атауының өзі кәсіпорын өмірінің негізіне айналған ұстанымды айқын көрсетеді: ауылдағы еңбек пен өмір сапасы бір-бірінен ажырамауы тиіс.

    Иван Адамұлының білім беру және әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі мемлекеттік әрі қоғамдық деңгейде де жоғары бағаланды.

    1998 жылы оған «Білім беру ісінің үздігі» белгісі берілсе, 2008 жылы білім беру саласындағы демеушілігі үшін Күміс медальмен марапатталды.

    2005 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі ауыл тұрғындарының рухани және адамгершілік тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін оған Бас жүлде табыстады.

    Бұл марапаттар тек басшының кәсіби қызметін ғана емес, өзі өмір сүріп, еңбек етіп жүрген ортасына, айналасындағы адамдарға деген жанашыр көзқарасын да айғақтайды.

    Иван Сауэр кәсіби білімін ғылыми бағытта да жетілдіріп, ғылымға ден қойды.

    Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының құрметті академигі.

    Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің құрметті профессоры атанған. Сондай-ақ осы жоғары оқу орнының «Үздік түлегі» атағына ие болған жалғыз тұлға.

    Практикалық тәжірибе мен ғылыми білімнің ұштасуы Иван Адамұлына ауыл шаруашылығына кең ауқымда қарауға мүмкіндік берді. Ол бұл саланы тек өнім өндірумен шектелмейтін, жер, еңбек, инвестиция, технология және адами капитал өзара тығыз байланысқан күрделі экономикалық жүйе ретінде қарастырды.

    Иван Сауэрдің кәсіби қызметі бір ғана кәсіпорынның аясымен шектелген жоқ.

    Әр жылдары атап айтқанда, 1989–1993 және 1999–2003 жылдары Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Қоғамдық және мемлекеттік қызметке белсене араласты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының мүшесі болды. Сонымен қатар осы ұйымның агроөнеркәсіптік кешен комитетіне жетекшілік етті.

    Бұл тәжірибе оған ауыл шаруашылығы саласының мүддесін жекелеген шаруашылық деңгейінде ғана емес, өңір мен елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелерін талқылау барысында да қорғауға мүмкіндік берді.

    Бүгінде Иван Адамұлы кәсіби қызметке белсене араласып, өзінің мол тәжірибесі мен білімін кейінгі буынға жеткізіп келеді.

    Ауыл шаруашылығы мен елдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Достық», «Парасат», «Отан» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталып, А.И. Бараев атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

    Алайда осы марапаттардың ішінде еңбек адамы үшін айрықша мәнге ие ең жоғары марапаттың орны бөлек.

    2013 жылы Иван Адамұлы Сауэрге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

    Бұл – бір жылдың немесе бір кезеңнің ғана нәтижесі емес, ауыл шаруашылығына, өндірісті дамытуға және ауылдың өркендеуіне арналған маңдай тердің шынайы бағасы еді.

    Родина – ол үшін жай ғана атау емес

    Бүгінде Иван Сауэр үшін Родина ауылы – жай ғана тұрғылықты мекен немесе шаруашылықтың атауы емес. Бұл – оның өмірбаянының, кәсіби жолының және ондаған жыл бойы бірге еңбек етіп келе жатқан көптеген адамның тағдырының бір бөлігі.

    Шаруашылықты басқарған жылдары экономикалық жағдайлар, технологиялар мен ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру тәсілдері талай рет өзгерді. Жаңа міндеттер мен сын-қатерлер туындап, аграршылардан икемділік пен батыл шешім қабылдай білуді талап етті.

    Алайда бір қағида өзгеріссіз қалды: қуатты шаруашылық адамдар алдындағы жауапкершіліктен басталады.

    Сондықтан Иван Сауэрдің өмірлік тәжірибесі – табысты басшының ғана тарихы емес. Бұл ел игілігіне арналған ғұмырдың жарқын үлгісі.

    Ауыл шаруашылығы төзімділік пен сабырды талап етеді. Мұндай шаруашылықты бір жылдың ішінде қалыптастыру мүмкін емес. Ол үшін жылдар бойғы табанды еңбек, жүйелі шешімдер, адамдардың сенімі және бүгінгі нәтижемен шектелмей, болашақты болжай білу қажет.

    Бұл – еңбек жолын инженер-механик мамандығынан бастап, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық сатысынан өткен адам туралы. Экономикалық өзгерістер кезеңінде шаруашылық пен еңбек ұжымын сақтап қала білген басшы туралы. Ауылдың дамуын өндірістің дамуынан бөліп қарастыруға болмайтынын терең түсінген азаматтың өнегелі жолы.

    Бүгінгі еңбегіңмен ертеңгі күннің іргесін қалау – тек өзіңнің жетістігіңді ғана емес, өзіңнен кейін келетін ұрпақтың болашағын да ойлау деген сөз.

    Жер мен туған елге бар ғұмырын арнаған нағыз еңбек адамының өмірлік ұстанымы мен еңбегінің терең мәні де осында.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары