Зарядтағыш құрылғылар өртке себеп болуы мүмкін: қандай белгілерге дер кезінде назар аудару керек?

    Құрылғыны қуаттауға қойып, өз шаруаларыңызбен кетіп қалдыңыз ба? Оны бірнеше сағат бойы қуаттауға қалдырдыңыз ба? Мұны қауіпті ештеңесі жоқ, әдеттегі әрекет деп ойлайсыз. Алайда дәл осы кезде құрылғы қызып кетуі мүмкін. Зақымдалған кабель, ақаулы зарядтағыш немесе қызған аккумулятор қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі ықтимал.

    Құрылғыларды төсекке, диванға, жастыққа немесе көрпенің астына қойып зарядтау әсіресе қауіпті. Жұмсақ жер жылудың таралуына кедергі келтіреді, ал құрылғының қызып кетуі өрт шығу қаупін арттырады. Қауіпті белгілерге назар аударыңыз. Құрылғы әдеттен тыс қатты қызса, жағымсыз иіс шықса, түтін пайда болса, сықырлаған дыбыс естілсе немесе корпусы деформацияланса, зарядтауды дереу тоқтату қажет. Ақаулы құрылғыны пайдаланбаңыз. Аккумулятор қызса немесе құрылғы зақымданса, оны қайта зарядтауға әрекет жасамаңыз.

    Егер құрылғы тұтанып кетсе, оған жақындамаңыз және өз өміріңізді қатерге тікпеңіз. Қауіпсіз жерге шығып, оқиға туралы 112 нөміріне хабарлаңыз. Кейде өрттің алдын алу үшін зарядтағыш құрылғыларды қараусыз қалдырмай, қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау жеткілікті.

    ТЖМ зарядталып жатқан құрылғыларды қараусыз қалдырмауға, ұйықтап жатқан кезде түнде зарядтамауға, телефондар мен басқа да гаджеттерді жұмсақ жиһаздың үстінде немесе жастықтың астында қуаттамауға кеңес береді. Құрылғыны пайдаланғаннан кейін зарядтағышты электр желісінен ажырату қажет. Сонымен қатар розеткалардың, сымдардың және электр құрылғыларының жарамдылығын тексеріп, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу керек.

    Зарядтағыш құрылғының немесе розетканың қатты қызуы, ұшқынның пайда болуы, күйген пластмасса немесе резеңке иісінің шығуы, күйе іздерінің байқалуы электр жабдықтарының ақаулы екенін білдіреді. Мұндай белгілер байқалған жағдайда құрылғыны пайдалануды дереу тоқтатып, электр желісінен ажырату қажет.

    Түтін пайда болған немесе өрт шыққан жағдайда, қауіпсіз болса, құрылғыны электр желісінен ажыратып, 101 немесе 112 нөмірлері бойынша өрт сөндіру қызметіне хабарлау және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау қажет. Өртті өздігінен сөндіруге тек бастапқы кезеңде және өмір мен денсаулыққа қауіп төнбеген жағдайда ғана әрекет жасауға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары