Өңір басшысы түрік компаниялармен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

    1 / 6

    Ақтөбе қаласында облыс әкімі Асхат Шахаровтың B. ERGÜNLER, OYTAŞ компаниялары мен «Omer-S» ЖШС өкілдерімен кездесуі өтті. Тараптар жол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

    🔹 Кездесу барысында аймақ басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайту және облыстың инфрақұрылымдық әрі өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға халықаралық тәжірибесі мол компанияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан мен Түркияны көпжылдық достық, өзара сенім мен стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор және сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытуға кең мүмкіндік ашады. Біз түркиялық компаниялардың тәжірибесін жоғары бағалаймыз және іскерлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Ақтөбе облысы үшін жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру және жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру - басым міндеттердің қатарында. Компанияларыңыздың кәсіби тәжірибесі мен техникалық мүмкіндіктері өңірімізде өзара тиімді ынтымақтастық орнатып, нақты жобаларды жүзеге асыруға негіз деп сенемін»,– деп атап өтті Асхат Шахаров. Кездесу барысында компания өкілдері өздерінің тәжірибесі мен мүмкіндіктерін таныстырды.

    🔵 Атап айтқанда, 1994 жылы Түркияның Бурса қаласында құрылған B. ERGÜNLER компаниясының автомобиль және теміржол құрылысы, көпірлер мен тоннельдер, энергетика нысандарын салу саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Компания қатысқан жобалардың қатарында Анкара – Сивас теміржолы, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері нысандары бар.

    🔵 2014 жылы Ыстанбұл қаласында құрылған OYTAŞ компаниясы көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік және энергетикалық құрылыс бағыттарында маманданған. Компания автомобиль жолдарын, көлік айрықтарын және гидроэнергетика нысандарын салу тәжірибесіне ие.

    🔵 Түркиялық компаниялардың Қазақстандағы серіктесі – «Omer-S» ЖШС. Кәсіпорын жол-құрылыс жұмыстары, инженерлік желілерді тарту және құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша тәжірибесі бар ұйым. Келіссөздер барысында өзара іс-қимылдың ықтимал тетіктері де қаралды. Атап айтқанда, компаниялардың мердігерлік жұмыстарға қатысуы, бірлескен кәсіпорындар мен консорциумдар құру, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" жаңалықтары