Ахметзакирова Гүлфира Миннуллақызы 1951 жылғы 21 наурызда дүниеге келген. Еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі.
1974 жылы Семей қаласындағы медициналық институтты «дәрігер-педиатр» мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Зырян қаласына қызметке келеді. Еңбек жолын учаскелік педиатр дәрігер болып бастап, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жауапты қызметтерді атқарды.
Көп жылдық еңбек жолында Гүлфира Миннуллақызы кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленді. Зырян қалалық перзентханасының бас дәрігері қызметін атқарған кезеңде медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, ғимаратын жөндеуге және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге күш салды.
Ол медицина саласындағы қызметімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бірнеше жыл бойы Достық үйіндегі татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі болды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде этносаралық келісім мен татулықты нығайтуға, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дәріптеуге өз үлесін қосты.
Гүлфира Миннуллақызы – отбасының ұйытқысы, ақжарқын, мейірімді әрі көпшілікпен тіл табыса білетін жан. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына және салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып келеді.
Алтай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 24 сәуірдегі № 2/4-VIII шешіміне сәйкес, оған «Алтай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
ЕҢБЕГІНЕ БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 20 қазандағы Жарлығына сәйкес, Ахметзакирова Гүлфира Миннуллақызына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.
Бұл жоғары марапат – оның медицина саласындағы көпжылдық адал еңбегінің, жоғары кәсіби шеберлігінің, мамандығына деген адалдығының және денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесінің лайықты бағасы.
Гүлфира Миннуллақызын осынау жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр және сарқылмас күш-қуат тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, әрдайым ел құрметіне бөлене беріңіз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






