Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бүкіл ел бойынша енгізіліп жатқан медико-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) Бірыңғай стандарты ретінде Алматыдағы № 37 Қалалық емханасының тәжірибесін негіз етіп алды.
Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары Алматыдағы № 37 Қалалық емханасына барып, жұмыстың ұйымдастырылуымен және медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерінің енгізілуімен танысты.
Емхана 2025 жылы Алматының Бостандық ауданында салынған және бір ауысымда 500 адамды қабылдауға арналған. Қазіргі таңда емхана 41,5 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.
Емхана моделі үш бағытты біріктіреді: жайлылық, сапа және цифрландыру. Пациенттерге қолайлы болу үшін электронды кезек, өтініштердің шұғылдығына қарай қаралған тұрғындарды бөлу, қолжетімді орта және сұраныс қажеттілігіне байланысты кабинеттерді бірінші қабатқа орналастыру жүйесі енгізілген.
Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін тәлімгерлік, көшпелі бригадалар, ішкі аудит және қызметкерлердің жұмысын бағалау жүйелері іске қосылған. Емхана толықтай цифрландырылған: электронды түрде жазылу, телемедицина және цифрлық сервистер қолжетімді.
Емханада алғашқы, консультативтік-диагностикалық және оңалту көмегі көрсетіледі. МРТ, КТ, рентген, маммография, зертханалық және эндоскопиялық зерттеулерде жүргізіледі. Сонымен қатар Скрининг орталығы, күндізгі стационар, Амбулаториялық хирургия және оңалту орталығы жұмыс істейді.
Бірыңғай стандарт пациенттерге қолайлы жағдай жасап, тиімді бағытталуын және кешенді медициналық көмекті бір жерден алуын қамтамасыз етеді.
Ресми сапар аясында Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары емхана жұмысының ұйымдастырылуымен, цифрлық шешімдердің енгізілуімен және медициналық көмек көрсетудегі заманауи тәсілдермен танысты.
Еске сала кететін жайт, «МСАК бірыңғай стандарты» бағдарламасы Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының қолдауымен бекітілген болатын.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








