Павлодар облысында жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай телерадиология жүйесі енгізілді

    1 / 11

    Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыстық онкологиялық диспансердің телерадиология ахуалдық орталығына (PACS) барып, заманауи цифрлық жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Бұл жүйе дәрігерлерге медициналық кескіндерді қашықтан талдауға, зерттеу нәтижелерімен алмасуға және ықтимал өзгерістерді анықтау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді.

    Облыстық онкологиялық диспансер 98% заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында 64 кескінді компьютерлік томограф, қуаты 1,5 Тесла магниттік-резонанстық томограф, бейнеэндоскопиялық кешендер, С-тәрізді доғалы рентген аппараты, радиожиілікті абляция аппараты және шағын инвазивті оталарға арналған жабдықтар бар. Сондай-ақ диспансерде америкалық VARIAN компаниясының VitalBeam желілік үдеткіші орнатылған.

    Қазіргі уақытта өңірде жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай PACS/RIS телерадиология жүйесін енгізу жұмыстары толық аяқталды. Жүйе 22 медициналық ұйымды қамтиды және «Дамумед» пен «Надежда» ақпараттық платформаларымен біріктірілген.

    Жүйеге рентген аппараттары, флюорографтар, маммографтар, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, ангиографтарды қоса алғанда, 96 диагностикалық жабдық қосылған. Бүгінде цифрлық мұрағатта 60 мыңнан астам зерттеу нәтижесі жинақталған.

    Жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін рентгенолог дәрігерлерге арналған 53 жұмыс станциясы, 49 медициналық диагностикалық монитор және рентген-зертханашыларға арналған 62 компьютер іске қосылды. Сонымен қатар баламалы жабдықтарға арналған 14 цифрландыру құрылғысы және маммографтарға арналған екі цифрлық детектор орнатылды. Жаңа жүйемен жұмыс істеу бойынша 148 медицина маманы оқытудан өтті.

    - Заманауи цифрлық технологиялардың медицина қызметкерлерінің жұмысына нақты нәтиже беріп жатқаны маңызды. Олар дәрігерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, тексерісті жедел жүргізуге және қашықтыққа қарамастан әріптестерінен кеңес алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы - бұл бүкіл облыс тұрғындарына, соның ішінде шалғай аудандарда тұратын азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Біз ауруларды дер кезінде анықтауға және өңір тұрғындарының денсаулығын сақтауға ықпал ететін осындай жобаларды алдағы уақытта да қолдайтын боламыз, - деді Асайын Байханов.

    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары