Павлодар қаласына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асайын Байханов «Усолка» шағын ауданында бой көтерген жаңа мектептің ашылуына дайындық барысымен танысып, қала көшелерін жөндеу жұмыстарын және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы (АЭА) жол инфрақұрылымының құрылысын тексерді

    1 / 24

    1200 орындық жаңа мектептің құрылысы «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған білім беру нысандарының үлгісі бойынша «кілт тапсыру» қағидатымен жүзеге асырылуда. Жоба толық облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Жаңа мектептің ашылуы қазіргі уақытта оқушы орындарының тапшылығы туындап отырған жақын маңдағы төрт мектепке (24, №25, №42 және М. Әлімбаев атындағы мектептер) түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

    Нысанның жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта оқу үдерісін ұйымдастыруға қойылатын барлық заманауи талаптар ескерілген. Сынып бөлмелері, асхана, мәжіліс және спорт залдары, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелерді монтаждау және қажетті жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталуға жақын.

    Өңір басшысы ұстаздар құрамын жасақтау мен мектепті лицензиялау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Білім беру нысанының нақты ашылу мерзімі қажетті рұқсат құжаттарының алынуына байланысты болады. Алдын ала жоспар бойынша оқушыларды қабылдау жаңа жылдан кейін басталады.

    Одан кейін облыс әкімі Торговая және Первая дорога көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын тексерді. Жөнделіп жатқан учаскелердің жалпы ұзындығы 11 км асады. Жұмыстарды толық 28 қазанда аяқтады. Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін бұл жолдарға түсетін жүктеме едәуір артады. Осыған байланысты жөндеу кезінде қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон қолданылуда. Бұл - беріктігі жоғары, тозуға төзімді, көлік жүктемесінің артуына шыдайтын және жол төсемінің ұзақ уақыт қызмет етуін қамтамасыз ететін жабын түрі.

    Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан ұзындығы 4,7 км жолдың құрылысымен де танысты. Қазіргі уақытта салынып жатқан жолдың бойында жалпы инвестиция көлемі 588 млрд теңгені құрайтын тоғыз кәсіпорын орналасқан. Оның 230 млрд теңгесі қазірдің өзінде тартылған. Жалпы жол төсемін төсеу жұмыстары аяқталып қалды. 5 қарашаға дейін жол жиектерін абаттандыру және сыртқы жарықтандыру тіректерін орнату жұмыстары жалғасады.

    Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

    - Біздің жол картамызға сәйкес, өңірге 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобалардың шамамен 70%-ы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында шоғырланған. Олардың қатарында тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары және іске қосылу кезегін күтіп тұрған 20-дан астам ірі өндіріс орны бар.
    Олардың жұмысын бастау үшін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды. Атап айтқанда, автокөлік жолдары мен теміржол желілері тартылып, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілуі қажет. Осы мақсаттарға біз қазірдің өзінде шамамен 5 млрд теңге бағыттадық. Бүгінде қосымша қаржыландыру қажеттілігі шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу және 5 жыл ішінде 100 млрд теңге көлемінде салық түсімдерін қамтамасыз ету арқылы өзін-өзі ақтайды, - деді Асайын Байханов.

    Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы барлық нысанда белгіленген мерзімдерді сақтауды, жұмыстардың сапасына тиісті бақылау жүргізуді және құрылысты уақтылы аяқтауды тапсырды.

    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары