Павлодар облысының әкімдігі мен өңірдің 42 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі 2026-2027 жылдардың қысқы-көктемгі кезеңінде картоп пен сәбіз бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында ауыл шаруашылығы өндірушілері 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбізді сақтайтын болады. Әлеуметтік дүкендерге, «Жайлау» базарына және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жеткізілетін көкөністердің босату бағасы келісіне 100 теңгені құрайды. Сауда үстемесі өнімнің өзіндік құнының 10%-нан аспайды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері қалыптастырылған қордың сақталуын және көкөністердің белгіленген бағамен жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өнім сапасына қойылатын талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, картоп кемінде 5+ талаптарына сәйкес сұрыпталуы тиіс, ал сәбіздің сапасы тиісті құжаттармен расталады.
Биыл Павлодар облысында 1 млн тонна картоп және 150 мың тонна сәбіз өндірілді. Өңір көкөніс өнімдерін өндіру бойынша еліміздегі жетекші аймақтардың қатарында және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ынтымақтастық үшін алғыс айтып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімді бағасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
- Біздің ортақ міндетіміз - өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, сапалы көкөністерді өңір тұрғындары үшін қолжетімді ету. Ол үшін мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылын жолға қойып, қажетті қорды алдын ала қалыптастырып, келісілген бағамен өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету маңызды, - деді Асайын Байханов.
Кездесуге қатысушылар келісім талаптарын қолдап, өнімнің бір бөлігін ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағыттауға дайын екендерін жеткізді.
Меморандумға қол қойғандардың қатарында Ақтоғай ауданының «Агро Терра» ЖШС директоры Ербол Әлібеков пен Павлодар ауданының «Агросоюз» шаруа қожалығының басшысы Сергей Тилинин бар.
- Біз меморандумды қолдаймыз және өңір тұрғындарын қолжетімді көкөністермен қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Мемлекеттік қолдау, соның ішінде субсидиялау мен жеңілдетілген несие беру өндірістік шығындарды азайтуға көмектеседі. Биылғы өнімнің бір бөлігін ішкі нарыққа бағыттап, өзімізге алған міндеттемелерді орындауға дайынбыз, - деп атап өтті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев









