Облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Жиында инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция тартуға, бизнесті қолдауға, цифрландыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға баса назар аударылды.
Құрылыс саласында 2026-2027 жылдары аяқтау жоспарланған 15 жобаны іске асыру жалғасуда. Олардың қатарында тұрғын үй қорын дамыту, әлеуметтік нысандар салу және спорт инфрақұрылымын жетілдіру жобалары бар.
Көлік желісін жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 472 км автокөлік жолдарын жөндеу бойынша 107 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар бес шекаралық өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, теміржол және авиация инфрақұрылымы дамытылуда.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында инженерлік желілерді жаңғырту мен цифрлық шешімдерді енгізу басым бағыттар болып отыр. 2025 жылы облыс халқын таза ауызсумен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті. Сумен жабдықтау жүйесін одан әрі жақсарту үшін ұзындығы 111 км су құбыры желілерін салу және қайта жаңғырту бойынша 19 жоба әзірленді. Екібастұз қаласында жыл соңына дейін бес шағын аудандағы жылу желілерінің «цифрлық егізін» жасау жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында агроөнеркәсіптік кешенге 141 млрд теңге инвестиция тартылды. Салада 2026-2029 жылдарға арналған 32 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Жалпы, облыстың инвестициялық пулына құны 12,2 трлн теңге болатын 163 жоба енгізілген. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру жұмыстары жалғасады.
Цифрландыру аясында қалалық инфрақұрылымның «цифрлық егіздерін» дамыту, ауылдық жерлерде интернетке қолжетімділікті кеңейту және заманауи есептеу қуаттарын құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта барлық деңгейдегі бюджеттерді жоспарлау және олардың орындалуы «е-Акимат365» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аталған жүйе 896 мемлекеттік мекеме мен ведомстволық бағынысты ұйымның 2 861 қызметкеріне қолжетімді.
Әлеуметтік салада медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, халыққа атаулы қолдау көрсетуге және ауылдық аумақтарды дамытуға басымдық берілді. 2027 жылы 23 ауылдық елді мекенде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жөндеу бойынша жалпы сомасы 4,3 млрд теңгені құрайтын 28 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жиналыс қорытындысы бойынша Асайын Байханов өңірдің әлеуетін тиімді пайдалануды, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді және жоспарланған іс-шаралардың іске асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
- Өңірдің басты міндеті - Президент тапсырмаларын экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Павлодар облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалар арқылы іс жүзінде жүзеге асыру, - деп атап өтті облыс әкімі.
Облыстық басқармалар басшыларына 10 қарашаға дейін өздері жетекшілік ететін салалар бойынша Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеп, келісу тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев








