Аудан әкімі А.Жақсылықовтың тұрғындармен жоспарлы есептік кездесулері Темір қалалық округінде жалғасты.
Кездесулер Жамбыл ауылында және Темір қаласында өтіп, оған жергілікті тұрғындар, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Темір қалалық округінің әкімі М.Акимов округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндап, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттерді таныстырды.
Аудан әкімі өз сөзінде Темір қаласының тарихи маңызына ерекше тоқталды.
«Темір – тарихы терең, өткенінен тағылымы мол ерекше шаһар. Қаланың өзіндік тарихи келбетін сақтай отырып, оны заман талабына сай дамыту – ортақ міндетіміз. Ол үшін жол сапасын жақсарту, көшелерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек», – деді А.Жақсылықов.
Сонымен қатар, аудан басшысы округ әкімі М.Акимовке тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алып, өзекті мәселелерді шешу, жол сапасы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Темір қаласындағы бірқатар көшеде жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстарымен танысып, асфальт төсеу сапасын қарады. Аталған жұмыстар қала жолдарының жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.







