Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды қамтиды. Осындай қолдау түрлерінің бірі – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға қайтыс болған асыраушының асырауында болған еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің құқығы бар. Бұл ретте балаларға жәрдемақы асыраушысының асырауында болған-болмағанына қарамастан тағайындалады.
Еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне:
- 18 жасқа толмаған балалар, оның ішінде асырап алынған балалар, өгей балалар мен өгей қыздар, сондай-ақ 18 жасқа дейін мүгедектігі бар деп танылған 18 жастан асқан балалар;
- 18 жасқа толмаған ағалары, інілері, әпкелері, сіңлілері және немерелері, сондай-ақ 18 жасқа дейін мүгедектігі бар деп танылған адамдар – егер олардың еңбекке қабілетті ата-аналары болмаса;
- ата-аналарынан алимент алмайтын өгей балалар мен өгей қыздар;
- жасына және еңбекке қабілеттілігіне қарамастан ата-анасының бірі немесе жұбайы (зайыбы), атасы, әжесі, ағасы, інісі, әпкесі немесе сіңлісі – егер олар қайтыс болған асыраушының 8 жасқа толмаған балаларына, аға-інілеріне, апа-сіңлілеріне немесе немерелеріне күтім жасап, жұмыс істемейтін болса, жатады.
18 жастан асқан, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан азаматтарға жәрдемақы оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл ретте академиялық демалыста болған кезең де есепке алынады.
Асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін жәрдемақы, республикалық бюджет туралы заңымен бекітілетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты төленеді.
2026 жылы жәрдемақы мөлшері:
- бір еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесі болған кезде – 0,92 ЕТКД (46 783 теңге);
- екі адам болған кезде – 1,70 ЕТКД (86 447 теңге);
- үш адам болған кезде – 2,25 ЕТКД (114 415 теңге);
- алты және одан да көп еңбекке қабілетсіз отбасы мүшесі болған кезде - ең жоғары мөлшері 3 ЕТКД (152 553 теңге).
Екі ата-анасынан да айырылған жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы жәрдемақы әр балаға 1,54 ЕТКД (78 311 теңге) мөлшерінде тағайындалады.
Жәрдемақы тағайындауға өтінішті үш жолмен беруге болады:
1. ХҚКО арқылы;
2. электрондық үкімет порталы - eGov арқылы;
3. қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болған жағдайда SMS-хабарлама арқылы проактивті форматта.
Жәрдемақы оған құқық туындаған күннен бастап тағайындалады, бірақ өтініш берген күнге дейінгі 12 айдан аспайтын кезең үшін төленуі мүмкін.
Бала 18 жасқа толған кезде жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады.
Егер бала оқуын жалғастырса немесе оқуға түссе, жәрдемақы төлеу тоқтатылған күннен бастап немесе баланың оқу орнына түскен күннен бастап қайта басталуы мүмкін. Бұл ретте жәрдемақы оқу аяқталғанға дейін, бірақ 23 жасқа толғанға дейін төленеді.
Жәрдемақы төлеуді қайта бастау үшін ХҚКО-ға жүгініп, Қағидалардың 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оқу орнынан анықтама ұсыну және жәрдемақы төлеуді қайта бастау туралы өтініш беру қажет.







