Егер сізге белгіленген мүгедектік мерзімі аяқталуға жақын болса, қайта куәландырудан өтуге алдын ала дайындалу маңызды. Бұл бейнероликте біз медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтудің негізгі кезеңдері туралы айтып, назар аудару қажет мәселелерді түсіндіреміз.
Бірінші қадам — емханаға жүгініңіз.
Мүгедектік мерзімінің соңғы күнін күтпеңіз. Өзіңіз тіркелген медициналық ұйымға барып, емдеуші дәрігерге қайта куәландыру мерзімінің жақындағанын хабарлаңыз.
Екінші қадам — қажетті тексерулерден өтіңіз.
Дәрігер сіздің ауруыңыз бен денсаулық жағдайыңызды ескере отырып, қажетті тексерулер мен бейінді мамандардың консультацияларын белгілейді. Медициналық құжаттарда денсаулық жағдайыңыз, жүргізілген емдеу және оңалту нәтижелері туралы өзекті мәліметтер қамтылуы маңызды.
Үшінші қадам — МӘС-ке жолдама алыңыз.
Қажетті іс-шаралар жүргізілгеннен кейін медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу мәселесін қарайды. Негіздер болған жағдайда № 031/у нысаны бойынша жолдама рәсімделеді.
Төртінші қадам — қайта куәландырудан өтіңіз.
Медициналық-әлеуметтік сараптама белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Шешім қабылдау кезінде тек диагноз ғана емес, организм функцияларының бұзылу дәрежесі, тіршілік-тынысының шектелуі және заңнамада көзделген өзге де өлшемшарттар ескеріледі.
Қайта куәландыру қалай жүргізіледі?
Медициналық-әлеуметтік сараптама заңнамада көзделген талаптарға сәйкес сырттай проактивті, сырттай немесе көзбе-көз форматта жүргізілуі мүмкін.
Сырттай проактивті форматта қажетті мәліметтер белгіленген рәсім шеңберінде азаматтың тікелей қатысуынсыз беріледі.
Сырттай форматта куәландырылатын адамның жеке қатысуынсыз құжаттар қаралады.
Көзбе-көз форматта азамат медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарының қатысуымен тікелей куәландырудан өтеді.
Сараптаманы жүргізу форматы қолданыстағы қағидалар мен нақты жағдайдың ерекшеліктеріне сәйкес айқындалады.
Сараптама нәтижелері бойынша мүгедектікті жаңа мерзімге белгілеуге негіздердің бар-жоғы және азаматқа тиесілі әлеуметтік қорғау шаралары айқындалады.
Ал мүгедектік мерзімі өтіп кетсе, не істеу керек?
Мұндай жағдайда медициналық ұйымға жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Қайта куәландырудан өту тәртібін нақтылап, қажетті медициналық құжаттарды дайындаңыз.
Сонымен қатар заңнамада көзделген жағдайларда, қайта куәландыру нәтижесінде мүгедектік қайта белгіленсе, өткен кезең үшін төлемдерді есептеу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін екенін білу маңызды. Мұндай есептеудің мүмкіндігі мен мерзімі мүгедектік мерзімінің өткізіп алыну жағдайларына байланысты болады.
Құрметті азаматтар!
Медициналық ұйымға уақтылы жүгініңіз, кезекті қайта куәландыру күнін қадағалаңыз және құжаттарды дайындауды соңғы күнге қалдырмаңыз.







