Облыс әкімі Асайын Байханов «Самал» орталығының бұрынғы тәрбиеленушілерінің ата-аналарын жеке қабылдады

    1 / 9

    «Самал» орталығының қызметі тоқтатылғаннан кейін тәрбиеленушілердің бір бөлігі, яғни орталық қызметін алушылар қолданыстағы 5 мекемеге бөлінді. Өкінішке қарай, орталықтың 22 бұрынғы тәрбиеленушісі медициналық көрсетілімдерге байланысты басқа мекемелерге ауыса алмады. Денсаулық жағдайының ерекшеліктері мен қолданыстағы талаптарға байланысты олар балаларға арналған да, ересектерге арналған да жұмыс істеп тұрған оңалту орталықтарынан қажетті қызметтерді ала алмады.

    Ата-аналар бұл мәселенің шешімін табуға көмектесуді сұрап, кәмелетке толған балалары жаңа орталықта көмек ала ала ма деген сауал қойды.

    Қабылдау барысында өңір басшысы бұрын «Самал» орталығы орналасқан ғимаратта 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған өңір тұрғындарына арналған мемлекеттік күндізгі болу орталығын ашу жөнінде қажетті түсініктемелер берді. Қалалық әкімдікке облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп қазіргі уақытта тиісті қызметтерді алу мүмкіндігі жоқ адамдарға көмек көрсету жолдарын қарастыру тапсырылды.

    Ата-аналар балалардың тәулік бойы орталықта болу мәселесін де көтерді. Алайда өңір басшысы түсіндіргендей, тәрбиеленушілердің түнгі уақытта орталықта қалуы әлеуметтік орталықтарға қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Мұндай мүмкіндік тек арнайы медициналық мекемелерде қарастырылған.

    Кездесу барысында өңір басшысы қолданыстағы ғимараттың әлеуметтік мақсаттағы қызметін өзгерту мәселесі ешқашан қарастырылмағанын ерекше атап өтті.

    Қазіргі уақытта Н. Назарбаев даңғылы, 42/2 мекенжайында орналасқан ғимаратта құны шамамен 300 млн теңге болатын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылып, терезелері ауыстырылуда. Негізгі жұмыстарды желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан кейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қажетті міндетті лицензия алу жұмыстары жүргізіледі.

    Орталық күніне 100 адамды қабылдауға есептелген. Мұнда 69 маман жұмыс істейді. Сонымен қатар мекеме 200 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Орталықты 2027 жылғы наурыз айында ашу жоспарланып отыр.

    Жаңа орталық 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтардың мамандандырылған көмек алу мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерді қолдау жүйесіндегі олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.


    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары