Облыс әкімі Асайын Байханов жастар саясаты жөніндегі үйлестіру кеңесінің қорытынды отырысын өткізді. Жиында өңір жастарының жетістіктері, жастар бастамаларын дамыту перспективалары және жұмыстың басым бағыттары талқыланды. Іс-шара «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімімен аяқталды.
Павлодар облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 189 мыңнан астам жас тұрады. Кездесуде жастардың кәсіби қызметте, білім беру саласында, кәсіпкерлікте, спортта және қоғамдық өмірде қол жеткізген жетістіктері негізгі тақырыптардың бірі болды.
Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі - 2026 жылдың қорытындылары. Павлодарлық спортшылар халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Рината Султанова Азия ойындарында алтын медаль иеленсе, Ерасыл Ауталипов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Ал Ардақ Қанапашев ордо ойынынан қола медаль жеңіп алды.
Кәсіптік білім беру саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі - WorldSkills Pavlodar-2026 чемпионаты. Оған 39 колледжден 353 студент қатысып, 70 құзыреттілік бойынша өз дағдыларын көрсетті.
Жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және оны жүзеге асыруға «Ертіс толқыны» облыстық жобасы жаңа мүмкіндіктер ашып, қала мен ауылдың талантты жастарын бір алаңға біріктіріп келеді. Павлодар облысында волонтерлік қозғалысты дамыту жұмыстары да жалғасуда. Жазда өңірде Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан өкілдері мен Қазақстан өңірлерінен келген қатысушылардың басын қосқан халықаралық волонтерлер форумы өтті. Ашық диалог барысында өңір жастары өз жобаларын таныстырып, жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі талантты жастарды қолдау, олардың құзыреттерін дамыту және перспективалы бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасау өңірлік жастар саясатының маңызды бағыттары болып қала беретінін атап өтті.
- Біздің басты міндетіміз - жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың әлеуетін дамытуға қажетті жағдай жасау. Бүгінде павлодарлық жастар спортта, білімде, ғылымда, өндірісте және шығармашылықта жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Белсенді, білімді әрі жауапты жастар облысымыз бен Қазақстанның одан әрі дамуына сенімді тірек болатынына сенімдімін, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңір басшысы еңбек нарығында болып жатқан өзгерістерге де назар аударды. Цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы, жаңа мамандықтардың пайда болуы жастардың үнемі білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіріп отыруын талап етеді.
Облыс әкімі жастардың ұсыныстары нақты жобалар мен шешімдерге айналуы үшін мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, жұмыс берушілердің және жастар бірлестіктерінің өзара іс-қимылын нығайту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ азаматтық жауапкершіліктің, заңға құрметпен қараудың және туған өлкені аялап, оның қадірін білудің маңыздылығына тоқталды. Бұл құндылықтар «Заң мен тәртіп» қағидаттары мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасынан көрініс табады.
Кездесу «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталды.
«Волонтерлік» номинациясы бойынша қайырымдылық акцияларын ұйымдастырушы, мектеп оқушысы Жансая Абай және Павлодар ауданының «Добрячки» волонтерлік жасағының негізін қалаушы әрі жетекшісі Ольга Киселева марапатталды.
«Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Жебе» садақ ату орталығының негізін қалаушы Дәурен Жүнісхан және «Екібастұз МАЭС-2» АҚ жастар активінің төрайымы Самал Мұхамеджанова марапатқа ие болды.
«Журналистика» номинациясы бойынша «Ертіс» облыстық телеарнасының редакторы Байтұрсын Жұмабай мен Syrmedia.kz интернет-басылымының жас журналисі Жансейіт Қабылтаев лауреат атанды.
«Өндіріс қызметкері» номинациясы бойынша «Қазақстан алюминийі» АҚ сорғы қондырғыларының машинисі Мадина Марденова және Павлодар мұнай-химия зауытының компрессор қондырғыларының машинисі Максим Быченко марапатталды.
«Ерлігі үшін» номинациясы бойынша Ертіс өзеніне батып бара жатқан үш баланы құтқарған Дамир Аманжолов пен адамдарды құтқару және төтенше жағдайларды жою кезінде батылдық танытқан Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ақжол Сағынбай марапатқа ие болды.
«Цифрландыру және технологиялар» номинациясы бойынша информатика пәнінің мұғалімі, AQYLAL білім беру AI-платформасын әзірлеуші Қазбек Картабаев және IT-стартаптарды әзірлеуші, робототехника бойынша хакатондардың жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Азамат Серік марапатталды.
«Медицина» номинациясы бойынша Павлодар облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жандос Мелдехан және Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының аға фельдшері Алмат Шаканов лауреат атанды.
«Спорт» номинациясы бойынша Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екі дүркін чемпионы Ерасыл Әутәліпов пен бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Азия және Қазақстан чемпионы Нұрислам Ташмағанбет марапатталды.
«Білім беру» номинациясы бойынша Ailingo білім беру жобасының негізін қалаушы Айханым Оқасова және ондаған патенттің авторы, Торайғыров университетінің профессоры Александр Барукин марапатқа ие болды.
«Мәдениет» номинациясы бойынша Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солисі Әліжан Қазбеков пен музыкалық колледждің студенті, симфониялық оркестрдің солисі Ирада Смогулова лауреат атанды.
Лауреат атанғандарға дипломдар мен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев









