Павлодарда 18 жастан асқан өңір тұрғындарына арналған мемлекеттік оңалту орталығы ашылады

    1 / 10

    Павлодарда психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерге арналған мемлекеттік оңалту орталығы ашылады. Облыс әкімі Асайын Байханов нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, ғимараттың әлеуметтік мақсатта пайдаланылатынын атап өтті.

    Бұған дейін бұл ғимаратта «Самал» орталығы орналасқан болатын. Орталықтың осы ғимараттағы қызметін тоқтату себебі лицензиялау, кадрлармен қамтамасыз ету және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша заңнама талаптарын сақтау қажеттілігіне байланысты болды. Атап айтқанда, күндізгі уақытта ғана болуға арналған мекеме тәрбиеленушілерді іс жүзінде түнгі уақытта да қалдырған. Алайда күндізгі және тәулік бойы жұмыс істеу форматтары көмек көрсетуді ұйымдастырудың әртүрлі шарттарын талап етеді. Сонымен қатар анықталған бірқатар заңбұзушылықтар бойынша прокуратура да тиісті ұсыну енгізген.

    Орталық осы ғимаратта жұмысын тоқтатқаннан кейін оның тәрбиеленушілері басқа оңалту мекемелеріне орналастырылды. Өкінішке қарай, 84 адамның 22-сі медициналық көрсетілімдерге байланысты басқа мекемелерге ауыса алмады. Олардың отбасылары әлі де қолжетімді оңалту қызметтері мен кәсіби қолдауға мұқтаж.

    Облыс әкімі «Самал» орталығы тәрбиеленушілерінің ата-аналарын жеке қабылдап, жергілікті билік органдарының ұстанымын нақты түсіндірді.

    Бұрынғы орталық ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, көтергіш орнату, есіктерін кеңейту және қозғалысы шектеулі балалардың қажеттіліктеріне сай басқа да өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмыстар орындалмайынша, аталған ғимаратта әлеуметтік қызметтер көрсету мүмкін емес. Сондай-ақ кез келген орталықтың лицензиясыз жұмыс істеуіне жол берілмейді. Бұл - 2025 жылдан бастап өзгерген заңнама талаптары.

    - Әлеуметтік нысандарды жеке құрылыс салуға беру, иеліктен шығару немесе сату біздің жоспарымызда жоқ. Бұл - біздің нақты ұстанымымыз. Біздің міндетіміз - әлеуметтік инфрақұрылымды сақтап, тұрғындарды қажетті қызметтермен қамтамасыз ету, - деді Асайын Байханов.

    Бастапқыда жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда келісу және салалық сараптамадан өткізу рәсімдерінің ұзаққа созылуы мекеменің ашылуын кешеуілдетті. Отбасылардың оңалту қызметтеріне деген қажеттілігін ескере отырып, орталықты мемлекеттік форматта құру туралы шешім қабылданды.

    Орталық күніне 100 адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Оның жұмысына 69 маман, соның ішінде психиатр дәрігерлер, оңалту мамандары және басқа да бейінді қызметкерлер тартылады. Нысанға жауапкершілік пен қызмет көрсетуді ұйымдастыру міндеті Павлодар қаласының әлеуметтік қорғау бөліміне жүктеледі.

    Ғимаратты күрделі жөндеуге шамамен 300 млн теңге қарастырылған. Дайындық жұмыстарының 90%-ы орындалды. Қазір нысанда 40-қа жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жылумен жабдықтау жүйесі жаңартылып, қабырғаларды әрлеу жұмыстарына дайындауда. Сондай-ақ терезелер ауыстырылып, инженерлік коммуникациялар мен электр желілері жаңғыртылуда.

    Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жоба аясында еденді тегістеу, есіктерді кеңейту және қозғалысы шектеулі келушілердің ғимаратқа еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін лифт орнату қарастырылған.

    Негізгі жөндеу жұмыстарын желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін штат жасақталып, қажетті лицензиялау рәсімдері жүргізіледі.

    Асайын Байханов жауапты қызметтерге жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз етуді және ұйымдастыру мәселелерін алдын ала шешуді тапсырды.

    - Мұндай мекемеге сұраныс бар екені анық. Ата-аналарға ересек балалары білікті көмек алып, оңалтудан өте алатын орын қажет. Алайда орталықты мүмкіндігінше тез ашуға ұмтылған кезде ең бастысы - қызмет көрсету сапасын, мамандардың кәсібилігін және адамдардың жайлы жағдайда болуын естен шығармау керек, - деп атап өтті облыс әкімі.

    Мемлекеттік оңалту орталығының ашылуы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж, 18 жастан асқан Павлодар қаласы мен облыс тұрғындары үшін оңалту көмегінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерді қолдау жүйесіндегі олқылықтың орнын толтыруға ықпал етеді.

    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары