Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов облыс орталығындағы коммуналдық қызметтердің алдағы қысқы маусымға дайындығымен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығы салынатын аумақпен танысты.
Қыс мезгілінде Павлодар көшелерін тазалауға күн сайын «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС мен «Холдинг-Трансс-Павлодар» ЖШС мердігер ұйымдарының шамамен 250 қызметкері мен 300-ге жуық арнайы техникасы жұмылдырылады. Коммуналдық қызметтердің техника паркі: құрама жол көліктері, құм сепкіштер, шнек-роторлы қар тазалағыштар, тиегіштер, автогрейдерлер, бульдозерлер, самосвалдар және жаяу жүргіншілер жолдарын тазалауға арналған арнайы техникалармен жабдықталған. Қалың қар жауған кезеңде қосымша 50-ге дейін самосвал мен 10 тиегішті тарту жоспарланып отыр.
Қысқы маусымға жолдар мен көшелерді өңдеу үшін шамамен 28 мың тонна құм дайындалды. Көшелерді тазалау жұмыстары екі ауысымда жүргізіледі: сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін және 21:00-ден таңғы 6:00-ге дейін. Қалың қар жауып, көктайғақ болған жағдайда коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшеді. Жұмылдырылған күштер мен техниканың жұмысын үйлестіру үшін мердігер ұйымдардың базаларында диспетчерлік қызметтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ жиналған қарды шығаратын арнайы алаңдар белгіленді.
Техниканың дайындығын тексеру қорытындысы бойынша Асайын Байханов жауапты қызметтерге ауа райының өзгеруі жағдайында жедел әрекет етуді және көшелерді тазалау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
- Басты міндет - тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кез келген ауа райы жағдайында көлік қозғалысының үздіксіз жүруіне жағдай жасау. Барлық қызметтер бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қар тазалау және көктайғақ кезінде жолдарға арнайы материал себу жұмыстары уақытылы әрі кідіріссіз жүргізілуі тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.
Одан кейін облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін салынатын 150 орындық оңалту орталығының құрылыс алаңымен танысты.
Жоба бойынша ауданы 7,1 га жер учаскесінде жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимарат салу көзделіп отыр. Орталықта үш бағыт бойынша қызмет көрсету жоспарлануда: психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 50 орындық күндізгі бөлімше, аутизм спектрінің бұзылыстары бар ересектерге арналған 50 орындық бөлімше және жалпы ауруларға байланысты мүгедектігі бар адамдарға арналған 50 орындық ұзақ мерзімді оңалту бөлімшесі.
Мұнда әлеуметтік-медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени және құқықтық қолдауды қамтитын арнаулы әлеуметтік қызметтердің кешені көрсетіледі.
Қазіргі уақытта өңірдегі қолданыстағы оңалту ұйымдарының желісі тұрғындардың мұндай қызметтерге деген қажеттілігін толық көлемде өтей алмай отыр. Жаңа көпфункционалды орталықтың ашылуы оңалту мүмкіндіктерін ұлғайтып, қолдауды қажет ететін балалар мен ересектерді қамту аясын арттыруға мүмкіндік береді.
Қараша айының соңына дейін жобалық құжаттаманы мемлекеттік сараптамаға жіберу жоспарланып отыр.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









