Алматы №36 қалалық емхананың дәрігері ата-аналарға қызылшаға қарсы екпенің салыну мерзімін еске салып, балаларды бұл қауіпті жұқпалы аурудан дер кезінде қорғаудың маңызын түсіндірді.
Қызылша - адамнан адамға өте тез жұғатын ауру. Ол өкпенің қабынуы (пневмония), мидың қабынуы (энцефалит), есту қабілетінің төмендеуі сияқты ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Кей жағдайда ауру өлімге де соқтырады.
Қызылшадан қорғанудың ең тиімді жолы - екпе алу. Қазақстанның Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балаға қызылшаға қарсы алғашқы екпе 12 айында, екіншісі 6 жасында салынады.
«Екпені кейінге қалдырмаған жөн. Өйткені қызылша ауыр өтіп, денсаулыққа зор қауіп төндіретін асқынуға әкелуі мүмкін. Екпе баланы аурудан қорғап қана қоймай, инфекцияның таралуына да тосқауыл болады», - дейді Алматы №36 қалалық емханасының педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Дильдора Кенжаева.
Егер бала екпені белгіленген уақытта алмаған болса, ата-анасы емханаға жүгінуі керек. Дәрігер баланың екпе алу тарихын тексеріп, екпені қай уақытта салдыру керек екенін анықтайды.
Баланы уақытында вакциналау - оның денсаулығын қорғаудың ең сенімді жолы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







