29 қазан — Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Мамандар Алматы тұрғындарын өз денсаулығына мұқият қарауға, артериялық қан қысымы мен холестерин деңгейін бақылауға, сондай-ақ профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуге шақырады.
Инсульт — тұрақты мүгедектікке әкеліп, адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін қауіпті жағдайлардың бірі. Ол мидың қанмен қамтамасыз етілуі жедел бұзылған кезде пайда болады: қан тамыры бітелгенде немесе жарылғанда ми жасушалары оттегін алмай, зақымдана бастайды.
Сонымен қатар көптеген жағдайда инсульт қаупін төмендетуге болады. Ол үшін ауруларды дер кезінде анықтап, қауіп факторларын бақылау маңызды. Олардың қатарына артериялық гипертония, қант диабеті, қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы, темекі шегу, артық салмақ және дене белсенділігінің жеткіліксіздігі жатады.
Шағымдар болмаса да, скринингтен өту маңызды
Алматы қаласындағы №21 қалалық емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі Нұралшан Гүлим Әділетқызының айтуынша, шағымдардың болмауы адамның дені сау екенін әрдайым білдірмейді.
«Инсульт қаупін арттыратын көптеген аурулар ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Адам өзін жақсы сезінгенімен, артериялық қан қысымының жоғары екенін, көмірсу алмасуының бұзылғанын немесе қандағы холестерин деңгейінің көтерілгенін білмеуі мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулер жай ғана формальды шара емес, қауіп факторларын дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды қадам», — дейді маман.
Скринингтік зерттеулер белгілі бір аурулар мен қауіп факторларын алғашқы кезеңдерде, айқын белгілер пайда болғанға дейін анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстанда олар белгіленген жас топтары мен медициналық көрсетілімдерге сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелері шеңберінде жүргізіледі.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тиісті аурулар бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын анықтау мақсатында екі жылда бір рет скринингтен өтеді. Тексерудің жас топтары мен кезеңділігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құжаттарымен айқындалады.
Ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтауға да ерекше көңіл бөлінеді. Цереброваскулярлық аурулар бойынша динамикалық бақылауда тұрмайтын 50 мен 76 жас аралығындағы ер адамдар тиісті скринингтен екі жылда бір рет өте алады. Тексеру миға қан жеткізетін мойын тамырларын, яғни брахиоцефалдық артерияларды ультрадыбыстық зерттеуді қамтиды.
«Белгілердің пайда болуын күтудің қажеті жоқ. Егер адам скринингтен өтуге арналған нысаналы топқа жатса, тіркелген емханасына жүгініп, тексеруден өту мерзімін нақтылағаны жөн. Қауіп факторлары анықталған жағдайда дәрігер әрі қарайғы тактиканы белгілеп, қажет болған кезде қосымша зерттеулер тағайындайды немесе ем жүргізеді», — деп атап өтті Гүлим Әділетқызы.
Адамдардың дәрігерге баруды кейінге қалдыруының себептерінің бірі — жұмыспен айналысып, уақыт таба алмауы. Алайда Қазақстанның еңбек заңнамасында жалақыдан айырылмай скринингтік зерттеулерден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерлерге жыл ішінде скринингтік зерттеулерден өту үшін ұзақтығы үш жұмыс күнінен аспайтын, жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын әлеуметтік демалыс беріледі. Демалыс жұмыс берушінің актісімен рәсімделеді.
Бұл құқықты пайдалану үшін тіркелген емханаға жүгініп, ағымдағы жылы скринингтен өтуге жататынын нақтылап, жұмыс берушімен әлеуметтік демалысты рәсімдеу мәселесін келісу қажет.
«Денсаулыққа қамқорлық күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Уақыттың тапшылығына байланысты тексеруді кейінге қалдырмаған жөн. Профилактика қауіп факторларын анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды», — дейді Алматы қаласындағы №21 қалалық емхананың профилактика бөлімінің меңгерушісі.
Инсультті қалай тануға болады?
Тұрақты тексерулерден өтіп жүрген адамның өзінде инсульт кенеттен пайда болуы мүмкін. Сондықтан оның негізгі белгілерін білу маңызды:
* Бет асимметриясының кенеттен пайда болуы, ауыз бұрышының салбырауы;
* Қолдың немесе аяқтың, әсіресе дененің бір жағындағы әлсіздік немесе ұю;
* Сөйлеудің немесе айтылған сөзді түсінудің кенеттен бұзылуы;
* Көрудің, қимыл үйлесімділігінің немесе тепе-теңдіктің күрт нашарлауы;
* Айқын себепсіз кенеттен пайда болған қатты бас ауруы.
Осы белгілердің кем дегенде біреуі байқалса, дереу 103 нөміріне жедел медициналық жәрдем шақыру қажет. Жағдайдың өздігінен жақсаруын күтпеңіз, өз бетіңізше дәрі қабылдамаңыз және қажетсіз жағдайда науқасты ауруханаға өзіңіз жеткізуге тырыспаңыз.
«Инсульт кезінде әр минуттың маңызы зор. Науқас мамандандырылған медициналық көмекті неғұрлым ерте алса, ми қызметін сақтап қалу және ауыр зардаптардың қаупін азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Инсультке күдік туындаған жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру қажет», — деп атап өтті маман.
Инсульт қаупін төмендету үшін дәрігерлер артериялық қан қысымын тұрақты бақылауға, қандағы қант пен холестерин деңгейін қадағалауға, темекі шегуден бас тартуға, дене белсенділігін сақтауға, дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға және емдеуші дәрігердің ұсынымдарын орындауға кеңес береді.
Дүниежүзілік инсультпен күрес күні тағы бір маңызды жайтты еске салады: профилактика, уақтылы тексеруден өту және алғашқы белгілер байқалған кезде медициналық көмекке жедел жүгіну денсаулық пен өмірді сақтап қалуы мүмкін.









