Сербияда Президент Жолдауы мен бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды

    1 / 2

    Қазақстанның Сербиядағы Елшілігінде сербиялық сарапшылардың, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті.

    Елші Болат Иманбаев қатысушыларға Жолдаудың негізгі ережелерін таныстырып, мемлекеттік жүйені жаңғырту, әлеуметтік саясат және экономикалық даму басымдықтарына, соның ішінде инфрақұрылым, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ауқымды жобаларға тоқталды.

    Сербиялық сарапшылар Қазақстанның саяси реформалар бағытының жүйелілігін және мемлекеттік стратегияның инновациялық құрамдас бөлігіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Профессор Любица Васич заң үстемдігін қамтамасыз ету, институционалдық даму, білім беру мен жасанды интеллектке инвестиция салу басымдықтарына назар аударса, профессор Даяна Лазаревич Жолдаудың өзегінде ғылыми-технологиялық дамудың негізі болып табылатын егемендік пен қоғамның тұрақтылығы тұрғанын атап өтті.

    Қазақ-серб іскерлік клубының төрағасы Александр Вукович Қазақстанның цифрландыру саласындағы көшбасшылығын ерекше атап өтті. Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Милица Кандич технологиялық және инфрақұрылымдық салалардағы бірлескен жұмыстың перспективаларын атап өтіп, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын сербиялық компаниялар үшін тартымды бағыт ретінде ерекше бөліп көрсетті. Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Электрондық коммуникациялар қауымдастығының хатшысы Иван Миликич Жолдауды ел болашағының мазмұнды көрінісі және қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің жол картасы деп атады.

    Журналистер Наташа Яковлевич пен Мария Милутинович «халықтық дипломатияның» дамуына және Қазақстан мен Сербия арасындағы тікелей әуе қатынасының болуына назар аударып, мұның екі ел азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге негіз болатынын атап өтті.

    Дөңгелек үстелге қатысушылар Жолдауда ұсынылған реформаларды жүйелі түрде іске асыру сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, ғылыми-технологиялық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер жасайтынына сенім білдірді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары