САНАЛЫ АТА-АНА – ҚАУІПСІЗ БАЛА – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

    1 / 12

    Павлодар облысы Май ауданында IV аудандық ата-аналар форумы өтті. Форумның басты мақсаты – бала тұлғасының жан-жақты дамуына қолайлы эмоционалдық орта қалыптастыру, оның психологиялық тұрғыдан кедергісіз жетілуіне жағдай жасау, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

    Ауқымды іс-шараға облыстық өңірлік психологиялық қолдау орталығының мамандары мен «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы, аудандағы барлық елді мекендерден 170-ке жуық ата-аналар қатысты.

    Форум аясында қатысушыларға арналған мазмұнды көрмелер мен танымдық алаңдар ұйымдастырылды. «Даналық мектебі: ұрпаққа өнеге» көрмесінде әжелер мектебі, аналар мектебі және әкелер мектебінің жұмыстары таныстырылды. Бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен ата-аналық жауапкершілік тақырыптарына арналған кітап көрмелері де болды.

    Форумның практикалық бөлімінде ата-аналар алты бағыт бойынша тақырыптық диалогтар мен тәжірибелік алаңдарға қатысты. Атап айтқанда, баланың болашақ мамандығын таңдауына қолдау көрсету, оқушы жетістігін бағалау мен ынталандыру, мектеп пен отбасы арасындағы серіктестік мәдениетін қалыптастыру, әр баланың жеке даму ерекшеліктерін ескеру, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ қауіп белгілерін ерте анықтау мәселелері талқыланды.

    «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен форумның пленарлық отырысында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық қолдау көрсету, ата-аналардың эмоционалдық саулығы мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ата-ананың жеке үлгісі мен отбасыдағы дұрыс қарым-қатынастың бала болашағына әсері сөз болды.

    Мектеп психологтері Н. Альменова, Э. Бакасова және Ж. Аушахманова ата-аналардың эмоционалдық жағдайын жақсарту мен отбасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған тренингтер өткізді.

    «Сенімен болашақ» РҚБ өңірлерді дамыту жөніндегі координаторы Хызыр Жанарыс қоғамдық жауапкершілік, ортақ құндылықтар, бірлік пен ынтымақтастық, ел игілігіне қызмет ету мәселелерін қозғады. Сондай-ақ бақытты ұрпақ тәрбиелеу – баянды қоғам қалыптастырудың басты тірегі екенін атап өтті.

    Форумның қорытынды бөлімінде отбасындағы тәрбиені басты құндылық санап, бала болашағына бейжай қарамайтын, мектеппен тығыз ынтымақтастық орнатып, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген ата-аналардың еңбегі ерекше атап өтілді.

    Бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, белсенді азаматтық ұстанымы және мектеп өміріне қосқан үлесі үшін бірқатар ата-аналар Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

    Саналы ата-ана – қауіпсіз баланың, жарқын болашақтың кепілі!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары