Жұлдызды аспан қандай сыр шертеді? Ғаламның бізге әлі беймәлім қандай құпиялары бар? Бұл сауалдарға жауап іздеген балалар мен олардың ата-аналары Павлодар облысы М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының обсерваториясында өткен кешкі астрономиялық бақылауларға қатысты.
Бұл кеш обсерваторияны жаңа білім мен жаңалықтар кеңістігіне айналдырды. Қатысушылар астрономия әлеміне тереңірек бойлап, Ғаламның ғажайып сырларына қызығушылық танытып, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Іс-шараны Оқушылар сарайының ғылым және техника бөлімі ұйымдастырды. Мұндай кездесулер балалардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын арттырып, қоршаған әлемді танып-білуге, зерттеуге және тың жаңалықтар ашуға деген құлшынысын оятады.
Кештің ерекшелігі — әртүрлі буын өкілдерін ортақ қызығушылық төңірегіне біріктіруінде. Өйткені жұлдызды аспанға деген құштарлық жасқа қарамайды. Білімге ұмтылу, сұрақ қойып, жауап іздеу — баршаға ортақ қасиет.
Адамды Ғаламның тылсым әлемі несімен баурайды? Бұл туралы «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнар Баубекова өз ойымен бөлісті.
- Астрономиялық бақылау — жұлдызды аспанды тамашалаумен ғана шектелмейді. Бұл — зерттеуге, ізденуге, сұрақтарға жауап табуға және өзіңді ұлан-ғайыр Ғаламның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін ерекше таным тәжірибесі, - дейді ол.









