Бүгін, 2026 жылғы 29 қазанда, Алматыдан Ташкентке Air Astana әуе компаниясының бортында жоғары жылдамдықты спутниктік интернет орнатылған алғашқы ұшағы ұшты. Wi-Fi жүйесі EI-KGB тіркеу нөмірі бар Airbus A321LR ұшағына орнатылды.
Жоба спутниктік байланыс қызметтерін ұсынатын халықаралық SES компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жабдықты орнату жұмыстарын әуе компаниясының техникалық базасында өз мамандары жүргізеді.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пойыздар мен ұшақтарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін қойды. Бүгінде спутниктік байланыс теміржол көлігінде қолданыла бастады, енді әуе бағыттарына да енгізілуде.
Қазақстан аумағының кеңдігін ескерсек, жол үстінде интернетке қол жеткізудің маңызы ерекше. Бұл жолаушыларға сапар барысында отбасымен және әріптестерімен байланыста болуға, сондай-ақ күнделікті цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мұндай өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына нақты мазмұн береді. Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі міндеті бұрын байланыс болмаған жерлерде де интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылуда.
Әуеде интернеттің пайда болуының артында Министрліктің халықаралық спутниктік операторлармен, уәкілетті органдармен және нарық қатысушыларымен жүргізген жұмысы тұр. Бұл жұмыс келіссөздерді, қызмет көрсету шарттарын келісуді және қажетті реттеушілік шешімдерді әзірлеуді қамтыды.
Министрлік геостационарлық емес спутниктік жүйелерге қатысты заңнамаға өзгерістер мен талаптарды пысықтады. Әуе және су көлігі үшін арнайы шарттар қарастырылып, спутниктік байланысқа қосылуға кедергі келтірген реттеушілік шектеулерді жоюға мүмкіндік туды. Сонымен қатар операторлармен Қазақстан заңнамасын, оның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері келісілді.
Бұл жұмыс спутниктік байланысты көлікте, сондай-ақ Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аудандарында кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Соңғы бір жылда ұшақ борттарында спутниктік интернетті іске қосу үшін қажетті реттеушілік жағдайларды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Шетелдік әріптестермен, халықаралық спутниктік операторлармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, әуе көлігінде геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану мәселелерін пысықтадық. Бұл технологияны тәжірибе жүзінде енгізуге мүмкіндік берді. Air Astana әуе компаниясының интернетке қосылған алғашқы ұшағы осы жұмыстың нақты нәтижесі болды. Азаматтардың жол үстінде, соның ішінде пойыздар мен ұшақтарда да байланыста болуы үшін сапалы интернетке қолжетімділікті кеңейтуді жалғастырамыз», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
2027 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасатын жарнамалық кезеңде барлық жолаушыға интернет тегін ұсынылады. 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold және Diamond мәртебелерінің иелеріне қолжетімді болады. Nomad Club бағдарламасының барлық деңгейдегі қатысушылары бортта мессенджерлерді тегін пайдалана алады. Ал басқа жолаушылар ақылы интернет пакеттерін сатып ала алады.
Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғасады.








