Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында делегация мүшелері Дүниежүзілік банктің үкіметтік қарызы есебінен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында цифрлық инфрақұрылымның құрылыс барысымен танысты. Жоба жоғары жылдамдықты интернетті тікелей ауылдық үй шаруашылықтарына дейін жеткізуді субсидиялауға бағытталған.

    Түркістан облысында бұл бастама жалпы алғанда 387 мың адам тұратын (шамамен 68 мың үй шаруашылығы) 212 ауылдық елді мекенді қамтиды. Бүгінгі таңда 26 ауыл бойынша конкурстар жарияланып, 17 ауыл бойынша келісімшарттар жасалды және жобалау-барлау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін алғашқы 5 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтап, байланыс операторларына субсидия төлеу жоспарланған.

    «Түркістан облысы осы жобаның ауқымы бойынша абсолютті көшбасшы: бүкіл ел бойынша бастамамен қамтылған 1 100-ден астам ауылдың екі жүзден астамы дәл осы өңірде орналасқан, мұнда оптикалық талшық әрбір үй шаруашылығына дейін тартылады. Өңірдің Қазақстанда бала туу деңгейі мен отбасылардағы балалар саны бойынша дәстүрлі түрде көш бастап тұрғанын ескерсек, әрбір үйде сапалы жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету - өте маңызды міндет»,- деп атап өтті Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

    Ауылдық елді мекендердегі әрбір үй шаруашылығына дейін оптикалық-талшықты желілерді тарту цифрлық теңсіздікті едәуір азайтуға, өңір тұрғындарына заманауи білім беру платформаларына, мемлекеттік сервистерге және электрондық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

    Анықтама:

    «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында 2026–2027 жылдары бүкіл ел бойынша 1 123 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған. Жоғары жылдамдықты интернетке 445 мыңнан астам үй шаруашылығы немесе шамамен 2,3 млн адам қол жеткізеді деп күтілуде. Жаңа оптикалық желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,8 мың шақырымды құрайды, бұл жобаға енгізілген елді мекендердегі үй шаруашылықтарының кемінде 80%-ын инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары