Астанада Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Африка азаматтық авиация комиссиясының (AFCAC) Бас хатшысы АдеСева Адейеми ханыммен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Африка құрлығы мемлекеттері арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Атап айтқанда, өңірлер арасында әуе қатынасын ашу мүмкіндіктері, сондай-ақ авиация саласы сарапшыларының тәжірибе және озық практикалар алмасу мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, авиациялық билік органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту және азаматтық авиация саласы мамандарының біліктілігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиацияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және конструктивті диалогты жалғастыруға мүдделілік білдірді.









