Ұлытау облысы Полиция департаментінің ОЖВ командасы Республика күніне орай өткен тапаншамен практикалық ату жарысында жеңімпаз атанды. Командалық есепте екінші орынды ҰҚК-нің «Qalqan» командасы, үшінші орынды облыстық ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы иеленді. Департамент қызметкерлері жеке есепте де жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыс 2026 жылғы 21 қазанда «ARLAN» спорт клубының ұйымдастыруымен өтті. IPSC форматындағы сайысқа ҰҚК-нің «Qalqan» командасы және Ұлытау облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған бес команда қатысты.
Практикалық атуда нысанаға дәл тигізумен қатар, шапшаңдық пен қаруды қауіпсіз қолдану да маңызды. Бұл сайыс күштік құрылым қызметкерлеріне мергендігін сынап, кәсіби машығын көрсетуге мүмкіндік берді.








