Түркістан облысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және байланыс операторлары өкілдерінің қатысуымен телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Кездесуге қатысушылар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын, сондай-ақ өңірдегі байланыс пен интернет сапасын арттырудың негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады.
Жиын барысында облыс орталығының жетістіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Түркістан – ескірген ADSL (мыс желілері) технологиясынан толықтай бас тартып, деректерді берудің ең озық әрі сенімді технологиясы болып табылатын талшықты-оптикалық байланыс желілеріне толық көшкен Қазақстандағы алғашқы қала. Бұған қоса, Түркістан 2024 жылы анықталған барлық «ақ дақтарды» бірінші болып толық жойып, еліміз бойынша көшбасшы орынға ие болды.
Басқосуда, сонымен қатар, облыстағы 801 елді мекенді (7 қала және 794 ауыл) қамтитын желілерді дамытудың ағымдағы көрсеткіштері мен жоспарлары қаралды. Бүгінгі таңда магистральдық талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) 408 ауылдық елді мекенге жеткізілді. 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 570-ке дейін өсіп, 2027 жылы 778 АЕМ-ге жетеді деп күтілуде.
«Қазақтелеком» АҚ-мен арадағы инвестициялық келісім аясында ТОБЖ инфрақұрылымын салуға үлкен көңіл бөлінді. Жоба 372 нүктедегі 649 мемлекеттік және бюджеттік ұйымды қосуды көздейді. Жоспарланған желілердің жалпы ұзындығы 2 638,1 шақырымды құрайды, оның 852,2 шақырымы (32%) қазірдің өзінде тартылған. Құрылыс жұмыстары облыстың 12 ауданын қамтиды. Жоғары жылдамдықты интернет мектептерге (267), медициналық мекемелер мен ФАП-тарға (257), әкімдіктерге (80), сондай-ақ полиция, шекара, кеден және апаттық-құтқару қызметі нысандарына жеткізілуде.
Мобильді байланыс сегментінде 4G желісінің үздіксіз ұлғайып келе жатқаны атап өтілді: қазіргі уақытта бұл стандарт 702 АЕМ-де қолжетімді, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 772 АЕМ-ге дейін кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, ескірген 3G стандартын кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару жүргізілуде: қазір ол 39 ауылда жұмыс істеп тұрса, 2028 жылға қарай толығымен тоқтатылады. Осымен қатар өңірде 5G желісін өрістету жалғасуда, қазірдің өзінде 138 базалық станция орнатылған.
Автомобиль жолдары мен шекара маңындағы аумақтарды мобильді байланыспен қамту мәселелері де бөлек қаралды. «Транстелеком» АҚ-мен арадағы келісім аясында облыстың негізгі тасжолдарының бойында 5 антенна-мачталық құрылысты (АМҚ) орнату үшін зерттеу жұмыстары аяқталып, координаттары белгіленді, ал жұмыстардың өзі 2027 жылға жоспарланған. Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін 7 шекаралық өткізу пункті («Б. Қонысбаев», «Атамекен», «Целинный», «Қапланбек», «Сырдария», «Қазығұрт», «Жібек жолы») сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етіледі. Ондағы жұмыстар АМҚ орнатылып, электр қуаты тартылғаннан кейін басталады.
Жиында туристік аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. 2028 жылға дейін 4 негізгі нысанда байланыс пен жоғары жылдамдықты интернет пайда болады: Сауран қалашығында, Укаш ата киелі орнында, Тұттыбұлақ сарқырамасының жанында және Ақмешіт үңгірінде.
Соңында тұтас өңір бойынша байланысы жоқ немесе сапасы төмен «ақ дақтарды» жою бойынша жүйелі жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Түркістан облысында бұған дейін анықталған 95 проблемалық локацияның 77-сі (81%) бүгінгі таңда жойылды, ал қалған 18 нысан бойынша (19%) жұмыстар белсенді кезеңде тұр.








