СҚО-да сотталған азамат студенттерге есірткіге тәуелділік тәжірибесі туралы айтып берді

    1 / 5

    «37 жасымда тірі жүргеніме түрменің арқасында ғана міндеттімін, – дейді Михаил. – Есірткіні алғаш рет бірге қолданып көрген адамдардың бәрі әлдеқашан зиратта жатыр. Көбінің көз алдымда көз жұмғаны бар. Бірақ мен есірткі әсерінде болғандықтан, оған мән бермедім».

    Ол марихуананы алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын қолданып көруге келіскен. Кейін есірткінің әртүрлі түрлерін тұтынған. Тыйым салынған заттарды сақтағаны және өткізгені үшін бірнеше рет сотталған. Қамауда мәжбүрлі ем қабылдаған. Михаилдің айтуынша, дәл осы ем оның өмірін сақтап қалуға көмектескен.

    Соңғы үш жылдан бері ол тағы да түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Алда әлі тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы бар. Михаил бұл жолы есірткіден біржола бас тартуға нық бел буғанын айтады. Ол жастарды өміріне қауіп төндіретін осындай «тәжірибелерден» сақтандыру үшін полицейлердің «Нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы күрес» форумына қатысу туралы ұсынысын да бірден қабылдаған.

    Форум Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде өтті. Оған түрлі оқу орындарынан 300-ге жуық студент шақырылды. Михаил жастарға өз басынан өткен оқиғаларды бүкпесіз баяндап, есірткіге тәуелділіктің ауыр салдарын ашық жеткізді.

    Форумды полицейлер «Болашақ» корпоративтік қорының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Қор атынан облыстық полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі Жанат Қақенов қатысты. Сондай-ақ форумға прокуратура, жастар ресурстық орталығы өкілдері, медицина қызметкерлері мен сарапшылар қатысты.

    Мамандар жастармен бірге есірткі тұтынуға және есірткі қылмыстарына тарту тәсілдерін талқылады. Қылмыстық жауапкершілік пен алдын алу шараларының тиімділігі туралы сөз қозғады.

    Полицейлердің басты үндеуі – бейжай қалмау. Егер танысыңыздан тәуелділіктің күмәнді белгілерін байқасаңыз немесе қылмыстың куәсі болсаңыз, мамандарға хабарласыңыз. Қылмыстың алдын алу оны ашудан тиімдірек. Бұл – «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі қағидаларының бірі.

    Жыл басынан бері СҚО-да есірткіге қатысты 228 құқық бұзушылық анықталды. Оның 110-ы есірткі өткізу дерегі. Заңсыз айналымнан 513 келіден астам есірткі заты, оның ішінде 9 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Басқа өңірлерден есірткі жеткізудің 26 арнасына тосқауыл қойылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары