Жаза бұлтартпайды. Петропавл полицейлері шілде айында мас күйде электрвелосипед басқарған ер адамды анықтап, сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алды.
Оқиға кезінде 40 жастағы қала тұрғыны Қизатов көшесінде көлік астына түсе жаздаған. Ол электрвелосипедті мас күйде басқарып келе жатып, дөңгелегі босап, түсіп қалуға шақ қалған соң, жолдан шөпке қарай бұрылған.
Бұл әрекеттердің барлығы артынан келе жатқан патрульдік полиция көлігінің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Полицейлер ер адамды медициналық куәландыруға жеткізді. Тексеру оның мас күйде болғанын көрсетті. Сондай-ақ ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Электрвелосипед тәркіленіп, ер адамға Петропавл қаласының полиция басқармасына келу қажеттігі туралы хабарланды. Алайда ол белгіленген уақытта келмеген. Содан бері қала аумағында әртүрлі мекенжайда тұрып жүрген.
Соған қарамастан, полицейлер оның жүрген жерін анықтап, қалалық полиция басқармасына жеткізді. Сот отырысы қашықтан өткізіліп, құқық бұзушыға 20 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.
Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу екенін ескертеді. Мұндай әрекет ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының қаупін күрт арттырады. Полицейлер осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.








