Дженсен Хуанг Астанада алғаш рет: Қазақстан мен NVIDIA Physical AI технологияларын дамытуда жаңа кезеңге қадам басуда

    1 / 8

    Әлемдегі нарықтық құны ең жоғары компанияның негізін қалаушы Дженсен Хуанг пен Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның энергетикалық әлеуетін, өнеркәсібі мен есептеу қуаттарын жаңа буын экономикасына қалай айналдыруға болатынын талқылады.

    Қазақстан нақты әлемдегі роботтарды, автономды көлікті және өндірістік процестерді басқаратын жасанды интеллект түрі Physical AI саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналуды стратегиялық мақсат етіп қойды. Бұл мақсат NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өткен ашық әңгімесінің (fireside chat) негізгі тақырыбына айналды. Кездесуде тараптар жасанды интеллекттің әлемдік экономиканы қалай өзгертіп жатқанын, елге өз технологияларын дамыту үшін не қажет екенін және Қазақстанда әлемдік деңгейдегі компанияларды қалай қалыптастыруға болатынын талқылады.

    «Президенті жасанды интеллектті дамытуды ұлттық басымдық деп жариялаған Қазақстан мен барған алғашқы ел болды. Жасанды интеллект еліңіздің жаңа деңгейге көтерілуіне, адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ компаниялардың жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болып, ауқымын кеңейтуіне көмектеседі. ЖИ қоғамды өзгертеді. Егер сіздің алға қойған мақсатыңызбен өршілдігіңіз болса, оларды қалыптастыруға көмектесетін көшбасшылық қажет. Президент Тоқаев дәл осындай өршіл мақсат қойды. Ол Қазақстанды AI-ұлтқа айналдыруды көздейді. Бүгін танысқан барлық компания табысты болып, жаһандық деңгейге шығып, халықаралық нарықта жұмыс істеуге ұмтылады. Жасанды интеллект осы мақсаттарға жетуге көмектеседі. Ең бастысы, сіздің өршіл мақсатыңыздың болуы. Егер сізде айқын мақсат пен ұмтылыс болса, жасанды интеллект пен робототехника жаңа деңгейге көтерілуге және мүмкіндіктеріңізді кеңейтуге көмектеседі. Егер сіз ғалым болсаңыз, ЖИ-көмекші әлдеқайда ауқымды зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Ал инженер болсаңыз, ЖИ құралдары бұдан да тиімді техникалық шешімдер табуға көмектеседі», – деді Дженсен Хуанг.

    Бұл сапар неліктен маңызды?

    Дженсен Хуанг - шешімдері әлемдік жасанды интеллект экономикасының даму қарқынына тікелей ықпал ететін санаулы тұлғалардың бірі. NVIDIA компаниясын 33 жыл бойы басқара отырып, ол видеокарта өндірушісін жасанды интеллектіге арналған есептеу инфрақұрылымының негізгі жеткізушісіне айналдырды. NVIDIA тарихта алғаш рет нарықтық капитализациясы 4 трлн және 5 трлн АҚШ долларынан асқан компания болды. 2026 жылдың қазан айының басында компанияның нарықтық құны шамамен 5,8 трлн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең ірі экономикалардың жалпы ішкі өнімімен салыстыруға келеді. Компанияның чиптері ChatGPT, ірі бұлттық платформалар мен көптеген елдердің ұлттық жасанды интеллект бағдарламаларында қолданылады.

    Хуанг жасанды интеллектті жаңа өнеркәсіптік революция деп атайды. Бұл кезеңде энергия мен азық-түлік қана емес, интеллект те өндіріледі. Энергия өндіру үшін электр станциялары салынса, интеллект өндіру үшін есептеу қуаттары қажет. Осындай деңгейдегі сапар Қазақстанның дайын технологияларды сатып алатын нарық ретінде ғана емес, жаһандық жасанды интеллект экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді.

    Қазақстан да осы бағытта дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында үш жыл ішінде елді толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім қабылдады. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Президент жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің құрамына Кай-Фу Ли, Питер Норвиг және Джон Хопкрофт секілді әлемге танымал сарапшылар кірді.

    «Қазақстан AI-ұлтқа айналуды көздейді. Жасанды интеллект когнитивтік мүмкіндіктерден басталғанымен, Physical AI, яғни физикалық жасанды интеллект бағыттарын да қамтиды. Бұл ең ірі салалардың бірі, өйткені бізді қоршаған әлемнің басым бөлігі физикалық ортамен өзара әрекеттесуге және оны түсінуге байланысты. Қазақстанда бұл технологияларды қолдануға болатын маңызды бағыттар бар. Олар: тау-кен өнеркәсібі, табиғи ресурстар және ауыл шаруашылығы. Осы салалардың барлығы Physical AI дамуының келесі кезеңінен пайда көреді. Бұл Қазақстан үшін саланың болашағын қалыптастыруға қатысуға берілген тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Хуанг.

    «Қазақстан Physical AI саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналуды мақсат етіп отыр. Осы мақсатқа жету үшін қажетті инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастырып келеміз: есептеу қуаттарын арттырып, мамандар даярлауға инвестиция салып, жасанды интеллектті экономиканың нақты секторына енгізуге жағдай жасаудамыз. NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық өнеркәсіпте, энергетикада, көлікте және робототехникада озық технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Біз дайын жасанды интеллект шешімдерін пайдаланумен ғана шектелмей, Қазақстанда жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өз технологияларымызды дамытуды көздейміз», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

    Инфрақұрылым және отандық модельдер

    NVIDIA H200 графикалық процессорларына негізделген Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері әлемдегі үздік 100 суперкомпьютердің қатарына енді. Алматыда AI-Farabium есептеу кешені жұмыс істейді. Елдің ірі энергетикалық орталықтарының бірі Екібастұзда жалпы қуаты шамамен 300 МВт болатын, болашақта қуатын 1 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік беретін Data Center Valley деректер орталықтары кластері дамып келеді. Жаңа энергетикалық қуаттар іске қосылған сайын жасанды интеллект кластерінің қуатын 5 ГВт-қа дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыру орынды. Жаңа экономика жағдайында энергия мен есептеу қуаттарының үйлесімі елдің интеллектті өз ішінде өндіретінін немесе оны шетелден сатып алатынын айқындайды.

    Хуанг түрлі елдердің үкіметтеріне өз тілін және мәдени деректерін ұлттық тілдік модельдерде қамтуды бірінші кезектегі міндет ретінде қарастыруға кеңес беріп келеді. Қазақстан да өзінің үлкен және шағын тілдік модельдерін әзірлеуде.

    Physical AI: жасанды интеллект дамуының келесі кезеңі

    Генеративті жасанды интеллект мәтінмен, кескіндермен және кодпен жұмыс істесе, Physical AI нақты физикалық ортада қолданылады. Ол роботтарды, ұшқышсыз көліктерді және интеллектуалды өндіріс жүйелерін басқарады. «Робототехника дәуірі келді. Physical AI дәуірі де келді», - деп сипаттайды Хуанг бұл өзгерісті.

    NVIDIA тәсілінің негізінде кәсіпорынның цифрлық егізі жатыр. Оның көмегімен инженерлер нақты өндіріс орнындағы процестерді өзгертпей тұрып, олардың жұмысын модельдеп, роботтарды виртуалды ортада үйрете алады. Тайваньдық электроника өндірушісі Wistron осындай цифрлық егіздің көмегімен зауытты әдеттегі бес айдың орнына екі жарым айда іске қосқан.

    Қазақстанның тау-кен және металлургия кешендері, энергетикалық нысандары мен көлік инфрақұрылымы осындай жүйелерді әзірлеу және сынақтан өткізу алаңына айнала алады. Кездесуге қатысушылар Physical AI саласындағы халықаралық әзірлеушілерді елдің нақты өнеркәсіптік жағдайында технологияларды сынауға тарту мәселесін талқылады. Өндірістік нысандардың, салалық деректердің, есептеу ресурстарының және инженерлік кадрлардың бір елде шоғырлануы робототехника мен автономды жүйелерді әзірлеу және сынау үшін халықаралық алаң қалыптастыруға негіз болады.

    «Physical AI тек робототехникамен шектелмейді. Ол сейсмикалық зерттеулер мен шахталар және ұңғымаларды картаға түсіруден бастап, геологияны, материалтануды және химиялық өңдеу үдерістерін қамтиды. Жасанды интеллект осы бағыттардың әрқайсысын түбегейлі өзгертеді. Пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуден бастап, жаңа материалдар жасауға дейін Physical AI әр кезеңде жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Хуанг.

    Қазақстандық компаниялар мен таланттар әлемдік деңгейге шығуда

    Есептеу ресурстары қолжетімді болған сайын негізгі құндылық жасанды интеллект модельдерін миллиондаған пайдаланушыға арналған өнімдерге айналдыратын компаниялар арқылы қалыптасады. Осындай компаниялардың бірі - генеративті видео саласындағы қазақстандық технологиялық бірмүйіз Higgsfield AI. Компанияның мәліметінше, оның нарықтық бағасы 9 млрд АҚШ долларынан асып, іске қосылғаннан кейін небәрі бір жарым жыл ішінде жылдық есеппен түсетін кірісі 1 млрд АҚШ долларына жеткен. Higgsfield AI компаниясының 600-ден астам қызметкері Қазақстанда жұмыс істейді.

    Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев NVIDIA компаниясының қазақстандық Higgsfield AI стартапына инвестиция салатынын жариялады. Бұл шешімге қатысты NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг стартап командасының әлеуетін жоғары бағалап, кез келген инвестицияның басты құндылығы ең алдымен адамдарға байланысты екенін атап өтті.

    Оның айтуынша, Higgsfield AI негізін қалаушылардың стратегиялық көзқарасы қалыптасқан және оларды жүзеге асыру үшін жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін перспективалы идея ұсынған. Сан-Франциско мен АҚШ-тың басқа да технологиялық орталықтарындағы қомақты қаржыландырылатын компаниялар тарапынан бәсекелестік жоғары болғанына қарамастан, Higgsfield AI командасы әлемдегі ең дарынды мамандардың қатарынан тұрады.

    «Компанияға инвестиция салғанда, ең алдымен адамдарға инвестиция саласың. Сондықтан ең үздіктерді таңдай білу маңызды», – деді Дженсен Хуанг.

    Мұндай компаниялардың дамуына Astana Hub экожүйесі ықпал етеді, ал NVIDIA Inception бағдарламасы қазақстандық стартаптарға компанияның технологиялары мен сараптамасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Болашақ инженерлер alem.ai, TUMO Astana, Tomorrow School және еліміздің жетекші университеттерінде даярланады. Тараптар QAIRU базасында NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығын құру мүмкіндігін қарастыруда. Пилоттық бағдарламаға қазірдің өзінде 12 техникалық университеттің өкілдері қатысты.

    «Ата-ана ретінде біздің міндетіміз – балалардың бойында үмітті, өршілдікті және үлкен жетістіктерге ұмтылысты қалыптастыру, олардың кеңірек ойлап, биік мақсаттар қоюына көмектесу. Ал олар алдына үлкен мақсаттар қойған кезде, жасанды интеллект сол мақсаттарға жетуге көмектеседі. Бұл қағида балаларға да, ересектерге де, компанияларға да, тұтас елдерге де бірдей қатысты», – деді Хуанг.

    Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

    Әлемдік экономика жаңа кезеңге қадам басып келеді. Енді елдердің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстар қорымен ғана емес, энергия мен деректерді интеллектке айналдыру қабілетімен де өлшенеді. Астанадағы кездесу Қазақстанның өз артықшылықтарына сүйене отырып, жаңа экономикада лайықты орын алуға мүмкіндігі бар екенін көрсетті.

    Халықаралық технологиялық компаниялар елге өз шешімдерін әзірлеу және сынақтан өткізу үшін келгенде, олармен бірге инвестициялар, білім мен тәжірибе, сондай-ақ жергілікті инженерлер мен бағдарламашыларға деген сұраныс та артады. Енді отандық мамандарға әлемдік деңгейдегі технологиялармен жұмыс істеу үшін шетелге кетудің қажеті жоқ. Мұндай мүмкіндіктер Қазақстанның өзінде де қалыптасып келеді. Ондаған жыл бойы экономика негіздерінің бірі болған өнеркәсіп жаңа даму деңгейіне көтеріледі. Шахталарда, кеніштерде және энергетикалық нысандарда роботтар мен автономды жүйелер ең қауіпті міндеттерді атқарып, кәсіпорындардың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыра алады.

    Қазақстанның жаңа буыны алдағы онжылдықтарда әлемнің дамуын айқындайтын дағдыларды ерте жастан меңгеріп келеді. Оқушылар мен студенттер TUMO Astana, Tomorrow School және NVIDIA-мен әріптестік орнатқан университеттерде әлемдік деңгейдегі бағдарламалар бойынша білім алады. KazLLM және AlemLLM ұлттық тілдік модельдері технологиялық егемендіктің негізін қалайды. Олардың арқасында жасанды интеллект Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеп, өз пайдаланушыларының қажеттіліктерін түсінуге бейімделеді.

    Осы өзгерістердің басты мәні де осында: елдің энергетикалық әлеуеті, өнеркәсібі мен адами капиталы білім экономикасын дамытуға қызмет ете бастайды. Әлемге шикізат экспорттаушы ретінде танылған Қазақстан енді технология экспорттаушы елге айналу мүмкіндігіне ие.

    Fireside Chat сессиясы аяқталғаннан кейін Дженсен Хуанг alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының Тілектер кітабына естелік жазба қалдырды.

    Дженсен Хуангтың сапары NVIDIA компаниясы бас серіктес болған Қазақстандағы жасанды интеллектті дамытуға арналған AI Month іс-шаралар топтамасының қорытындысына айналды. Бағдарлама 23 қыркүйекте HackAlem AI халықаралық хакатонынан басталды. Аталған іс-шара жасанды интеллект хакатонына қатысушылар саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS™ рекордын орнатты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары