Қазақстан Үкіметі 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті: негізгі басымдықтар – отандық өндірісті дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және «бір терезе» қағидаты бойынша цифрландыру

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 қазандағы № 898 қаулысымен 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Аталған құжат бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға, цифрлық және физикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ отандық өндірісті ынталандыруға және автономды технологияларды экономиканың нақты секторына кеңінен енгізуге бағытталған.

    Стратегиялық құжатты әзірлеуге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі тапсырмасы негіз болды. Осы тапсырма шеңберінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) нарықтың жекелеген сегменттерін біріктіріп, еліміздегі ұшқышсыз жүйелер индустриясының дамуына жүйелі серпін беру міндеті жүктелді.

    Жоспардың ауқымдылығы мен салааралық сипаты оны іске асыруда жоғары деңгейдегі үйлестіруді талап етеді. Атап айтқанда, іс-шараларды жүзеге асыруға 18 мемлекеттік орган (оның ішінде Көлік министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік органдары, қаржы реттеушілері және салалық министрліктер), сондай-ақ әкімдіктер, даму институттары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары тартылған.

    Бұл ретте құжаттың іске асырылуын үйлестіру міндеті серпінді технологияларды енгізуге және цифрлық трансформацияға жауапты уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүктелген.

    2029 жылға дейінгі негізгі мақсаттар мен күтілетін нәтижелер

    Бекітілген кешенді жоспар құқықтық реттеудегі бытыраңқылықты жоюға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ инновацияларды дамыту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған.

    Негізгі нысаналы көрсеткіштер қатарында:

    - Цифрлық экожүйе: ұшқышсыз авиациялық жүйелердің (бұдан әрі – ҰАЖ) бірыңғай цифрлық платформасын және ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуе қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйелерін (UTM) енгізу.

    - Отандық өндіріс: маңызды аппараттық компоненттерді шығаруды және қорғалған отандық бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді қоса алғанда, ұшқышсыз жүйелер өндірісін жергіліктендіру.

    - Кадрлық әлеует: жаңа буынның кемінде 1 000 білікті маманын (операторлар, инженер-конструкторлар, ендірілген бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллект әзірлеушілері, киберқауіпсіздік және сервистік қызмет көрсету мамандары) даярлау.

    - Ғылым және инновациялар: жоғары оқу орындарымен және халықаралық технологиялық компаниялармен әріптестікте кемінде екі заманауи ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (R&D) орталығын және бейінді зертханаларды құру.

    - Салалық қолдану: экономиканың әртүрлі салаларында автономды жүйелерді пайдаланудың үлгілік сценарийлерін әзірлеу және енгізу.

    Кешенді жоспарды іске асырудың негізгі бағыттары

    1. Бірыңғай цифрлық платформа және UTM: мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша цифрландыру

    Басым міндеттердің бірі – ұшқышсыз авиациялық жүйелердің бірыңғай цифрлық платформасын және ұшқышсыз ұшу аппараттарының қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйелерін (UTM) енгізу.

    Жобаның басты мақсаты – қағаз түріндегі құжат айналымынан толық бас тартып, азаматтар, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы барлық өзара іс-қимылды ашық электрондық форматқа көшіру.

    Өтінімдер беру, ұшу аппараттарын есепке алу және тіркеу, сондай-ақ ұшу маршруттарын жедел келісу бірыңғай цифрлық сервис арқылы жүзеге асырылады. Бұл әкімшілік кедергілерді барынша азайтып, рұқсат беру рәсімдерін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді.

    1. Экспортқа бағдарланған отандық аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісін дамыту

    Кешенді жоспардың стратегиялық міндеті тек ірі тораптық құрастыруды қолдаумен шектелмейді. Негізгі мақсат – аппараттық компоненттер мен байланыс жүйелерінен бастап қорғалған бағдарламалық қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын отандық өндірісті қалыптастыру.

    Сыртқы нарықтарға шығуға қабілетті, бәсекеге қабілетті өндірістерді құруға бағытталған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуге басымдық беріледі.

    Осы мақсатта ұшқышсыз жүйелер өндірісін цифрлық қызметтің басым түрлеріне енгізу, мемлекеттік сатып алу саласында ұлттық режимнен алып тастаулар мен преференцияларды көздеу, сондай-ақ Astana Hub резиденттері үшін ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар тетіктерін енгізу жоспарлануда. Бұл тетіктер мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын да қамтиды.

    Сонымен қатар шикізат пен құрамдас бөлшектерді әкелу рәсімдерін жеңілдету және дайын өнімді кейіннен экспорттауға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою мәселелері пысықталады.

    1. Ұшқышсыз жүйелерді күнделікті өмірге енгізу: бақылау функцияларының бір бөлігін Ішкі істер министрлігіне беру

    Ұшқышсыз ұшу аппараттары азаматтардың күнделікті өмірінің, логистиканың және қалалық шаруашылықтың ажырамас бөлігіне айналатын кезеңге жақындап келеді.

    Ұшу қарқындылығының артуы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қалыптастыруды талап етеді.

    Осыған байланысты нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау шеңберінде ұшқышсыз жүйелерді пайдалану мен олардың айналымына қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларының бір бөлігін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзыретіне беру көзделген.

    Сонымен қатар дрон иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу, байланыс арналарының киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптарды регламенттеу және операторларға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы сертификаттар беру мәселелері пысықталуда.

    1. Болашақ мамандарын даярлау: мектептен жоғары оқу орнына дейінгі үздіксіз білім беру жүйесі

    Елдің инженерлік және операторлық кадрлық әлеуетін қалыптастыру оқушыларды ерте кәсіптік бағдарлаудан бастап студенттердің терең мамандануына дейінгі үздіксіз білім беру қағидаты негізінде жүзеге асырылады.

    Республиканың барлық өңірлеріндегі мектептерде авиамодельдеу кабинеттерін ашу, заманауи STEAM кабинеттерін ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған арнайы жабдықтармен жарақтандыру жоспарланып отыр.

    Сонымен қатар ұшу аппараттарын басқарудың бастапқы дағдылары мен техникалық сауаттылық негіздері алғашқы әскери дайындық модульдеріне енгізіледі.

    Техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білім беру деңгейінде оқу бағдарламалары нақты еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңартылады. Бұдан бөлек, ұшқышсыз технологиялар бойынша жоғары оқу орындары арасында жыл сайын жарыстар өткізу жоспарлануда.

    1. Салаларға енгізу: нысаналы талдау, стандарттарды әзірлеу және экономикалық ынталандыру

    Негізгі міндеттердің бірі – ұшқышсыз авиациялық жүйелерді нақты экономика салаларына іс жүзінде енгізу.

    Министрлік салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен металлургия кешені, логистика, коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайларды мониторингтеу және экология салаларындағы өндірістік процестерге егжей-тегжейлі талдау жүргізеді.

    Зерттеу нәтижелері бойынша ұшқышсыз жүйелерді қолданудың үлгілік сценарийлері, әдістемелік ұсынымдар және мемлекеттік ынталандырудың нысаналы шаралары әзірленеді.

    Бұл бағытта мемлекет үйлестіруші әрі қолайлы жағдай жасаушы рөлін атқарады. Атап айтқанда, ұшқышсыз шешімдерді қолданудың неғұрлым тиімді бағыттарын айқындау, олардың экономикалық орындылығын бағалау және мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарды автономды кешендерді күнделікті технологиялық процестеріне енгізуге ынталандыратын жағдайлар қалыптастыру көзделеді.

    1. Жерүсті инфрақұрылымы, салалық интеграция және ғылыми-зерттеу жұмыстары (R&D)

    Кешенді жоспар вертипорттар, дрон-порттар және автоматтандырылған зарядтау станциялары желісін дамытуды, сондай-ақ ұшқышсыз жүйелер саласы үшін радиожиілік ресурстары мен спутниктік байланыс арналарын бөлуді қамтиды.

    Жерүсті көлігі сегментінде 2027–2028 жылдары ұшқышсыз жүк тасымалдарын сынақтан өткізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

    Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің үндеуі

    Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ашық диалогқа дайын екенін атап өтіп, экспорттық әлеуеті бар дайын жобалары мен технологиялық әзірлемелері бар отандық кәсіпкерлерді, әзірлеушілерді, инженерлер мен өнертапқыштарды белсенділік танытуға, өз жобаларын ұсынуға және мемлекеттік қолдау алу мәселелері бойынша Министрлікке жүгінуге шақырады.

    Сонымен қатар Министрлік бизнес өкілдерін, салалық қауымдастықтарды және азаматтық қоғам институттарын бекітілген Кешенді жоспардың іс-шараларын іс жүзінде іске асыру жөніндегі сындарлы ұсыныстарын жолдауға шақырады.

    Министрлік озық ұшқышсыз жүйелерді енгізу бүкіл ел үшін елеулі технологиялық және экономикалық нәтиже беруі мақсатында барлық мүдделі тараптармен бірлескен әрі тиімді жұмыс жүргізуге мүдделі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" жаңалықтары