Павлодар облысында жасөспірімдерге қатысты профилактикалық рейдтер жалғасуда

    Павлодар облысында полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында күнделікті рейдтер жүргізіп келеді.

    Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүрген 2 670 дерегін анықтады. Осыған байланысты заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал жасөспірімдермен белгіленген талаптарды сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

    Мәселен, Екібастұз қаласында сағат 23:20-да ойын-сауық орындарының бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілінсіз жүргені анықталды. Осы дерек бойынша оның заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мекеме әкімшісіне қатысты да әкімшілік материал толтырылды.

    Полицейлер ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылап, қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз көшеде болуы олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары