Көкшетауда "Таза қала" акциясы өтті

    Көкшетауда "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері, қоғам өкілдері мен белсенді жастардың қатысуымен "Таза қала" акциясы ұйымдастырылды.

    Іс-шара Көкшетау қаласы полиция басқармасының алаңында өткен жалпы жиыннан басталды. Учаскелік инспекторлар мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлеріне Ақмола облысы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, "Жастар Рухы" жастар қанатының өкілдері мен еріктілер қосылды.

    Брифингтен кейін қатысушылар топтарға бөлініп, қаланың тұрғын үй алқаптарын аралады. Олар тұрғындармен кездесіп, ақпараттық буклеттер таратты. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік және көмекке жүгіну тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Есірткі қылмысының алдын алуға да ерекше назар аударылды. Бейінді бөлімше қызметкерлері тұрғын үй секторын аралап, есірткі зертханалары орналасуы мүмкін нысандарды тексерді. Сондай-ақ есірткі жарнамасы мен тыйым салынған интернет-ресурстарға сілтемелері бар жазулар мен граффитилерді анықтады. Нәтижесінде есірткіге қатысты төрт граффити анықталып, боялды.

    Акцияның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрғындарды тарту және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Өйткені қауіпсіз аула мен тыныш үй әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

    Мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жастардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

    Қауіпсіз үй, таза аула, есірткісіз қала – ортақ міндет!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары