Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы «Мұрсалы» шаруа қожалығы 500 гектар алқапқа бидай мен жүгері егеді. Егістік алқаптары отандық өндірістен шыққан жаңбырлатып суару жүйелері арқылы суарылады.

    «2022 жылы жаңбырлатып суару әдісіне көше бастадық. Содан бері 300 гектар жерді суаруға арналған бес жаңбырлатып суару қондырғысын орнаттық. Сондай-ақ жүгері алқаптарына тамшылатып суару жүйелерін енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді «Мұрсалы» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Әріпбаев.

    Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын отандық жеті зауыт жұмыс істейді.

    Ауыл шаруашылығында суды үнемдеуді ынталандыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Ал мұндай жүйелерді пайдаланған жағдайда суармалы суға берілетін субсидия мөлшері 85%-ға дейін арттырылды.

    Нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың жалпы көлемі шамамен 702,3 мың гектарға жетті. Жыл басынан бері қосымша 158 мың гектар суармалы жер заманауи суару жүйелерімен қамтылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі" жаңалықтары