«FSSA» ЖШС жұмыскерлерінің өтініші бойынша тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталды

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «FSSA» ЖШС жұмыскерлерінен келіп түскен өтініш негізінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізді.

    Тексеру барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына, оның ішінде жұмыс берушінің өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізу жөніндегі міндеттерін орындауына ерекше назар аударылды.

    Тексеру нәтижесінде «FSSA» ЖШС «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өндірістік объектілерінде дербес мердігер ұйым ретінде қызмет атқаратыны, өз жұмыскерлеріне тікелей басшылық жасап, олардың орындайтын жұмыстарына бақылауды жүзеге асыратыны анықталды.

    Алайда, серіктестік өндірістік объектілерді (жұмыскерлердің жұмыс орындарын) еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізуді қамтамасыз етпеген. Бұл Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182 және 183-баптарының талаптарын бұзу болып табылады.

    Тексеру қорытындысы бойынша «FSSA» ЖШС Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 94-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған әкімшілік айыппұл салынды.

    Департамент еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушілер өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша кемінде бес жылда бір рет міндетті мерзімдік аттестаттаудан өткізуге міндетті екенін еске салады.

    Аттестаттау еңбек жағдайларын объективті бағалауға, зиянды және қауіпті өндірістік факторларды анықтауға, кәсіптік тәуекелдерді айқындауға, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

    Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау – меншік нысанына және өндірістік қызметті жүзеге асыратын орнына қарамастан, әрбір жұмыс берушінің міндеті.

    Департамент жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары