Зейнеткерлік жасқа жақындау — әр адамның өміріндегі маңызды кезең. Зейнетақы төлемдерін уақтылы рәсімдеу үшін еңбек өтілін алдын ала тексеріп, растайтын құжаттарды дайындап, зейнетақы тағайындауға зейнеткерлік жасқа толғанға дейін он жұмыс күн ішінде өтініш беру қажет.
Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтік негіздері 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі.
Зейнетақыны рәсімдеу үшін қайда жүгіну керек?
Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін азамат төмендегі тәсілдердің бірі арқылы өтініш бере алады:
- Тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы арқылы. Мамандар өтінішті рәсімдеуге және ұсынылған құжаттарды тексеруге көмектеседі.
- eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы. Порталдан зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты қолжетімді электрондық қызметтер туралы ақпарат алуға болады. Өтінішті онлайн беру мүмкіндігі қызмет түріне және қажетті мәліметтердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болуына байланысты.
Қызмет туралы ресми ақпарат: https://www.gov.kz/services/3023
Өтініш берген кезде «бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы төлемдерінің негізгі түрлерін: базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерді рәсімдеуге болады.
Зейнетақы тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?
Қажетті құжаттар тізімі азаматтың жеке жағдайына, еңбек өтіліне және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерге байланысты.
- жеке басты куәландыратын құжат;
- еңбек кітапшасы;
- еңбек өтіліне есептелуге жататын жағдайда білімі туралы құжаттар;
- әскери қызмет кезеңін растайтын құжат;
- еңбек өтілін растау үшін қажет болған жағдайда тегінің, атының немесе әкесінің атының өзгергенін растайтын құжаттар;
- бала күтіміне байланысты кезеңдерді есепке алу қажет болған жағдайда балалардың туу туралы куәліктері және өзге де растайтын құжаттар.
Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар ұсынылуы мүмкін: еңбек кітапшасы жоқ немесе жарамсыз болса, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар, нақтылық болмаса, түзетулер және оқылуында әртүрлілік болса архивтен, жұмыс орнынан берілген анықтамалар, немесе сот шешімі; заңнамада көзделген ерекше жағдайларды растайтын құжаттар, мысалы, белгілі бір радиациялық аймақтарда тұрғанын растайтын құжаттар.
МАҢЫЗДЫ: Әрбір өтініш берушіге жоғарыда көрсетілген құжаттардың барлығын жинау міндетті емес. Тек нақты жағдайға қажетті құжаттар ұсынылады.








