АЛМАТЫДА 3D ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ АРҚЫЛЫ ЖЕКЕ ОРТЕЗДЕР ЖАСАЙТЫН АЛҒАШҚЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Бүгін Алматыда Қазақстандағы жеке ортездерді жобалау және жасау жөніндегі алғашқы мемлекеттік зертхана ресми түрде ашылды. Жаңа зертхана Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының базасында құрылды. Ол балалар мен ересектерге жеке протездік-ортопедиялық көмек көрсететін заманауи орталыққа айналады.

    Зертхананы құру отандық оңалту жүйесін одан әрі дамытуға, оңалтудың заманауи техникалық құралдарының қолжетімділігін арттыруға және оларды жобалау мен өндіру процесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

    Іс-шараға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік қорғау және оңалту саласының мамандары қатысты.

    Қонақтарға жаңа зертхананың мүмкіндіктері мен жеке ортезді дайындаудың толық технологиялық циклі көрсетілді. Ол адамды бастапқы тексеру мен цифрлық 3D-сканерлеуден басталып, компьютерлік модельдеу, өндіру, киіп көру, жеке өлшемдеріне сәйкестендіру және дайын бұйымды пайдалану тәртібін үйретуге дейінгі кезеңдерді қамтиды.

    Зертхана жұмысының негізгі бағыттарының бірі – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға ортезді ертерек жасау. Жоба аясында тиісті медициналық көрсетілімдері бар балаларға жеке ортездер тегін дайындалады. Бұл баланың анатомиялық ерекшеліктері мен оңалту қажеттіліктерін ескере отырып, оған дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

    Жаңа зертхананың міндеттеріне тоқталған Асқарбек Ертаев:

    «Бұл – Мемлекет басшысының мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндік жасау және қолжетімді оңалту жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты қадам. Осы бағыттағы жұмыс Қазақстанның 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясаты тұжырымдамасындағы міндеттерге де сәйкес келеді.
    Біз үшін заманауи технологиялардың адамға тікелей көмектескені маңызды. Сондықтан зертхана ортез жасайтын орын ғана емес, жаңа шешімдер әзірленіп, олардың тиімділігі зерттелетін ғылыми-практикалық алаңға да айналады.
    Медициналық көрсетілімдер бойынша ортездеу қажет балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Біз басты назарда адам, оның мүмкіндіктері, денсаулығы мен өмір сапасы тұратын жүйені кешенді түрде дамытып келеміз», – деді.

    Ортездер дененің жекелеген бөліктерін ұстап тұруға, бекітуге, олардың қалпын түзетуге және қажетті қозғалыс қызметтерін қамтамасыз етуге қолданылады. Бұйымның конструкциясы, оны қолдану қажеттілігі мен пайдалану тәртібін тиісті мамандар адамның денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдерін ескере отырып анықтайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары