Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында шамамен 1000 тұрғыны бар үш шалғай елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Биыл бекет жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жаңғыртудан өтті.
Аудан үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов, құтқарушылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жедел әрекет ету үшін бөлімшеге ТЖМ тарапынан өрт сөндіру техникасы, жабдықтар, арнайы киім-кешек және байланыс құралдары берілді.
Бекеттің жеке құрамы қажетті оқу-жаттығудан өтіп, тәулік бойы кезекшілік атқаруға дайын.
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және азаматтардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді.








