«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері Республика күні қарсаңында елорданың халықаралық әуежайында мерекелік акция өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акция аясында елордаға келген шетелдік қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік туы мен шоколад таратылды. Осылайша, еріктілер қала қонақтарын қарсы алып, ұлттық мереке қарсаңында оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бастама шетелдік қонақтарды Қазақстанның мемлекеттік рәміздерімен, Республика күнін атап өту дәстүрімен таныстырып, қазақ халқына тән қонақжайлықты дәріптеуді көздейді.
Елорда қонақтарының арасында түрлі елден келген халықаралық спорт жарыстарына келген спортшылар да болды. Қазір қалада күрестен әлем чемпионатына қатысу үшін келген спортшылар мен спорт саласының өкілдері бар.
Мерекелік акция елордада Республика күніне орай ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың бірі болды. Олар патриотизмді, бірлікті және мемлекеттік рәміздерге құрметті нығайтуға арналған.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Астанада мәдени, қоғамдық, спорттық және патриоттық іс-шаралар өтіп жатыр.









