Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті салалық кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізді

    1 / 3

    2026 жылдың 16 қазанында мемлекеттік еңбек инспекторы Е.Найзабеков денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің «Сенім» салалық кәсіподағының өкілдерімен кездесу өткізді.

    Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ облыстағы медициналық ұйымдар жұмыскерлерінің еңбек құқықтарын сақтау мәселелері қаралды.

    Мемлекеттік еңбек инспекторы Батыс Қазақстан облысы бойынша өндірістік жарақаттанудың жалпы көрсеткіштерін таныстырып, денсаулық сақтау ұйымдарында 2025 жылы және 2026 жылдың өткен кезеңінде орын алған жазатайым оқиғаларға салыстырмалы талдау жасады.

    Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, облыстың медициналық ұйымдарында:

    -2025 жылы 8 жазатайым оқиға тіркеліп, нәтижесінде 13 жұмыскер зардап шеккен. Оның ішінде бір адам өлімімен аяқталған жағдай тіркеліп, 12 жұмыскер ауыр жарақат алған.

    - 2026 жылдың өткен кезеңінде 8 жазатайым оқиға тіркеліп, 16 жұмыскер зардап шеккен. Олардың ішінде 2 жұмыскер ауыр, 13 жұмыскер жеңіл жарақат алған, ал бір жағдай еңбек қызметімен байланысты емес деп танылған.

    Өндірістік жарақаттанудың себептеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылы жұмыскерлердің құлауы және жол-көлік оқиғалары басым болса, 2026 жылы көміртегі тотығымен (иіс газымен) улану салдарынан зардап шеккендер санының артқаны атап өтілді. Атап айтқанда, 10 жұмыскер иіс газынан зардап шеккен.

    Сонымен қатар, кездесу қатысушыларына қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс берушілердің жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі міндеттері, кәсіптік тәуекелдерді бағалау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелері бойынша еңбек заңнамасының негізгі талаптары түсіндірілді.

    Жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда, өндірістік тәуекелдерді анықтауда және профилактикалық шараларды уақтылы қабылдауда кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөліне жеке тоқталды.

    Кездесу қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбек мәдениетін арттыру және медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Департамент, жұмыс берушілер және кәсіподақ ұйымдары арасындағы бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі атап өтілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары