Алматыда ғылыми әзірлемелерді, жасанды интеллектіні, көмекші және цифрлық технологияларды әлеуметтік қорғау мен оңалту саласында қолдану арқылы қызмет сапасын қалай арттыруға болатыны талқыланды. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін халыққа пайдасы тиетін нақты шешімдерге айналдыру мәселесі «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеуден тәжірибеге дейін» атты халықаралық қатысуымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі тақырыбына айналды.
Іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырды.
Конференцияға жергілікті атқарушы органдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Даму бағдарламасы мен ЮНИСЕФ-тің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бейнебайланыс арқылы конференцияға қатысып, ғылыми зерттеулерді азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналдыру маңызды екенін атап өтті.
«Ғылым тек зерттеулер мен ғылыми жарияланымдар аясында қалып қоймауы керек. Оның әлеуметтік қорғау саласындағы басты құндылығы – ғылыми білімді адамдардың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге айналдыру мүмкіндігі», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Қатысушылар заманауи зерттеулерді адамның жеке қажеттіліктерін бағалауға, оңалту құралдарын дұрыс таңдауға, балалар мен олардың отбасыларына үздіксіз қолдау көрсетуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға қалай қолдануға болатынын айтты.









