Батыс Қазақстан облысында 4 700-ден астам жұмыскер жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылды

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Батыс Қазақстан облысы прокуратурасымен бірлесіп, жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын анықтау және жою бойынша жұмыстар жүргізді.

    🔎 Жүргізілген талдау барысында 51 ұйымда 5 мыңнан астам жұмыскердің жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылмағаны анықталды.

    Міндетті сақтандырудың болмауы жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарының бұзылуына елеулі қауіп төндіреді. Себебі өндірістік жарақат алған, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе жұмыскер қайтыс болған жағдайда заңнамада көзделген сақтандыру төлемдерін алу мүмкіндігі шектелуі мүмкін.

    Жүргізілген талдау нәтижесінде облыс прокуратурасы заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізді. Аталған ұсынуды орындау мақсатында Департамент жұмыс берушілермен тиісті жұмыстар ұйымдастырды.

    Бірлескен жұмыстың нәтижелері:

    ✅ 44 жұмыс беруші жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасты;

    ✅ 4 700-ден астам жұмыскер міндетті сақтандырумен қамтылды;

    ✅ Бір заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып, 1,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды;

    ✅ Тікелей байланыс орнату мүмкін болмаған 6 субъектіге заңнама талаптарын орындау қажеттігі туралы «Қазпошта» АҚ арқылы ресми хабарламалар жолданды.

    ⚖️ Жұмыс берушілер нені білуі тиіс?

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға міндетті.

    Міндетті сақтандырудың тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы №30 «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңымен реттеледі.

    Аталған заңнама талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

    🛡️ Міндетті сақтандыру – жай ғана заң талабы емес, жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғаудың маңызды тетігі!

    Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті мен облыс прокуратурасының жұмыскерлердің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру, оларды міндетті сақтандырумен қамту және өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары