Республика күніне орай Су ресурстары және ирригация министрлігінде су шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.
Республика күні қарсаңында министрліктің орталық аппараты мен оған қарасты ұйымдарда еңбек ететін жалпы 194 адамның еңбегі бағаланды.
Мемлекеттік наградалармен 24 маман марапатталды. «Еңбек ардагері» медалі 7 адамға, «Үздік қызметкер» төсбелгісі 2 адамға, ал «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісі 19 адамға табысталды. Сонымен қатар су шаруашылығы саласының 15 қызметкері «Салаға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Тағы 70 маман Құрмет грамоталарын алса, 57 қызметкерге алғыс хаттар табысталды.
« Құрметті су шаруашылығы саласының қызметкерлері! Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы атап өткендей: «Су – тіршілік көзі. Бұл – әлемнің барлық елі үшін аса маңызды стратегиялық ресурс. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мемлекет бұл салаға ерекше көңіл бөледі». Шынында да, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану республиканың тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Биыл вегетация кезеңінің тұрақты өтуі де осы салада еңбек етіп жүрген барлық маманның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Осы ортақ іске үлес қосып жүрген әрқайсыңызға алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін! », – деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.









