ӘУЕНМЕН ӨРІЛГЕН ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ПАВЛОДАРДА «МУЗЫКАЛЫҚ ЖАНҰЯ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

    1 / 4

    2026 жылғы 29 қазанда М. М. Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында «Адал азамат» бірыңғай республикалық тәрбие бағдарламасы аясында «Музыкалық жанұя» облыстық отбасылық ансамбльдер байқауы өтті. Шығармашылық додаға Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 40-тан астам отбасы, жалпы саны 86 қатысушы жиналды.

    Байқаудың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және балалар мен ата-аналардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

    Сахнада ата-аналар мен балалар, аға буын өкілдері бірлесіп өнер көрсетіп, отбасылық дәстүрлерін әуен арқылы жеткізді. Қатысушылар вокалдық, аспаптық, вокалды-аспаптық ансамбльдер, халық шығармашылығы және би өнері бағыттарында өнерлерін ортаға салды. Байқауға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да қатысты.

    Байқаудың Гран-при жүлдесін Павлодар облыстық Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназиясының Садықовтар отбасының «Асыл мұра» дуэті иеленді.

    Қатысушылар дипломдармен және арнайы марапаттармен наградталды. Олардың қатарында «Отбасылық ансамбльдің ерекше құрамы үшін», «Байқаудың ең жас қатысушысы», «Ең тату отбасы», «Ең ересек қатысушы» және «Отбасылық дәстүрлерді белсенді насихаттағаны үшін» аталымдары бар.

    «Музыкалық жанұя» байқауы өнер арқылы отбасы мүшелерін жақындастырып, ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды шығармашылық алаңға айналды. Бір сахнада өнер көрсеткен әр отбасы музыкаға деген сүйіспеншілігін ғана емес, өзара қолдау мен сыйластыққа негізделген өнегелі дәстүрін де танытты.

    Іс-шара М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен, Павлодар облысының білім беру басқармасының қолдауымен өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары