Президент Жолдауы: Қазақстанда алдағы үш жылда жер қойнауын кешенді зерттеу бойынша 20 жоба іске асырылады

    ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

    Президенттің жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жұмыс екі бағыт бойынша жүргізіледі:

    Озық технологияларды қолдана отырып, жер қойнауын зерттеу.

    Елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабтағы мемлекеттік геологиялық түсірілім басталды. Алдағы үш жылда шамамен 100 мың км² аумақта 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жұмыс барысында дәстүрлі әдістермен қатар, белгісіз кен орындарын анықтауға арналған Ionic Leach технологиясы, жасанды интеллект, спутниктік деректер және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Келешегі бар 7 нысан туралы алдын ала деректер алынды. Перспективалы екені расталған учаскелерді келесі жылы аукционға шығаруға дайындау көзделуде.

    Геологиялық деректерді цифрландыру.

    Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен зерттелген аумақтардың 109 мың контуры орналастырылған. Бастапқы геологиялық ақпараттың 100%-ы, яғни шамамен 4,8 млн бірлік цифрландырылды.

    «Келесі кезең — материалдарды платформаға жинақтау, тарихи деректерді машина оқи алатын форматқа көшіру және оларды жасанды интеллектіні қолдана отырып жүйелеу. Бұл жинақталған мәліметтерді жаңа кен орындарын іздеуде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді»,
    – деп мәлімдеді вице-министр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті" жаңалықтары