Алматылықтарға инсульт алғанда не істеу керектігін айтты

    1 / 3

    Алматыда барлық сегіз ауданды қамтитын бес инсульт орталығы жұмыс істейді. Олар осы заманғы диагностикалық және операциялық жабдықпен қамтамасыз етілген. Қалада инсультті емдеудің замандық әдісі, соның ішінде тромболизис пен тромбты механикалық жолмен алып тастау да бар. Мұнда пациенттерге тәулік бойы неврологтар, реаниматологтар, нейрохирургтер мен басқа да мамандар көмек көрсетеді. Инсультті қалай тануға болатыны, Алматыда пациенттерге қандай медициналық көмек көрсетілетіні және ауру қаупін қалай азайтуға болатыны туралы дәрігерлер Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

    2025 жылы қаладағы инсульт орталықтарында 4757 пациент емделген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 200 адамға көп.
    «Ишемиялық инсульт кезінде, егер пациент ауруханаға терапиялық терезе кезеңінде жеткізіліп, тиісті көрсетілім болса, алғашқы 4,5 сағат ішінде тромболизис жүргізілуі мүмкін. Бұл — тромбты ерітуге арналған ем. Ірі қан тамыры бітелгенде, жекелеген жағдайда тромбты механикалық жолмен алып тастайтын операция жасалады. Қан құйылу кезінде дәрі-дәрмекпен емдейді, қажет болса нейрохирургиялық операция жүргізіледі», — деп түсіндірді Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың инсульт бөлімшесінің дәрігер-неврологы Ақжол Әріпхан.
    Дәрігерлердің айтуынша, инсульт егде жастағы адамдарда ғана болмайды. Әлемдік дерек бойынша, жаңадан тіркелген науқастардың шамамен 15%-ы 15 пен 49 жас аралығындағы адамдар, пациенттердің жартысынан астамы 70 жасқа толмағандар екен.
    «Инсульт қаупін артериялық қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, холестерин деңгейінің жоғарылауы, жүрек ырғағының бұзылуы, темекі шегу, артық салмақ пен қозғалыстың аздығы арттырады», — деді Алматыдағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инсультологы, №7 қалалық клиникалық аурухананың инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Жанна Дүйсембаева.
    Инсульттің негізгі белгісі — беттің кенеттен қисаюы, дененің бір жағындағы қол мен аяқтың әлсіреуі немесе ұюы, сөйлеудің бұзылуы, көру қабілетінің нашарлауы мен тепе-теңдікті жоғалту.
    Дәрігерлер FAST ережесін есте сақтауға кеңес береді. Егер адамның беті қисайып, бір қолы әлсіреп, сөйлеуден қалса, дереу 103 нөміріне қоңырау шалу қажет. Белгінің қашан басталғанын есте сақтап, медицина қызметкерінің нұсқауынсыз пациентке өз бетінше дәрі-дәрмек, тамақ пен су беруге болмайды. Белгісі өздігінен басылып қалса да, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінген жөн.
    40 жастан кейін қан қысымын үнемі өлшеп, қандағы қант пен холестерин деңгейін тексеріп, жүрек ырғағын бақылап отыру керек. Қан қысымы бірнеше рет 140/90 мм сын. бағ. және одан жоғары болса, дәрігерге қаралыңыз. Ал қысым 180/120-ға жетсе, шұғыл түрде дәрігерге қаралу қажет.
    Қазақстанда 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер жүрек-қан тамыры ауруы мен қант диабетін ерте анықтау үшін екі жылда бір рет скринингтен өтеді. Сондай-ақ 50 мен 76 жас аралығындағы ер адамдарға ми қан айналымы бұзылысының қаупін анықтауға арналған тексеру жүргізіледі. 2026 жылдың басынан бері 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер адам осындай тексеруден өткен. Олардың шамамен бес мыңында немесе 6%-ында бас пен мойын тамырының тарылғаны анықталыпты.
    «Алдын алу қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін үнемі бақылаудан басталады. Темекі шегуден бас тартып, дұрыс тамақтанып, тұзды шектеп, көп қимылдап, жүрек пен қан тамыры ауруын уақытында емдеу керек. Мұның бәрі алғашқы және қайталама инсульт қаупін азайтуға сеп болады», — деді Жанна Дүйсембаева.
    Инсульттен кейін оңалтуды уақытында бастап, дәрігердің тағайындауын орындап отыру керек.
    «Жиі кездесетін қателіктің бірі — пациенттің жағдайы жақсарған кезде тағайындалған дәріні ішуді тоқтатуы. Бұл қайталама инсульт қаупін арттырады. Оңалтуды дер кезінде бастау мен психологиялық қолдау көрсету де аса қажет», — деді Ақжол Әріпхан.

    Дәрігерлер инсульт кезінде әр минуттың маңызды екенін еске салады. Пациент мамандандырылған орталыққа неғұрлым тез жеткізілсе, оның өмірін сақтап қалу мен аурудың салдарын азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақшы.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары